- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Ерейментау ауданында ірі агроөнеркәсіптік жоба іске асырылмақ
Ерейментау ауданында ауқымды инвестициялық жоба – «BIG FARM» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінің құрылысы қолға алынуда. Жалпы көлемі 32 мың гектардан астам аумақты қамтитын бұл агроөнеркәсіптік жоба сүт-тауар фермасын, бордақылау алаңын, ет және сүт өңдеу зауытын, сондай-ақ заманауи суару жүйесін іске қосуды көздейді.
Бірінші кезеңде 2 000 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасы салынып, кейіннен оның қуаттылығы 5 000 басқа дейін ұлғайтылмақ. Бұған қоса, 10 000 басқа арналған бордақылау кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар іске қосылады. Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жобаны шетелдік инвесторлар қолдап отыр. Өңірге шетелдік серіктестер делегациясының сапары аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруды көздейді.
«Мұндай жобалар ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп қана қоймай, жұмыспен қамтуды арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және облыстың экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз шетелдік серіктестермен тығыз әрі ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», — деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Өз кезегінде Swarco USA директорлар кеңесінің президенті Кристиан Барриос Марчант өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.
«Біздің мақсат — тек бизнес-жобаны іске асыру ғана емес, сонымен қатар озық технологияларды енгізу, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту. Өңірмен орнатылған серіктестік өзара тиімді болатынына сенімдіміз», — деді Кристиан Барриос Марчант.
Айта кету керек, «BIG FARM» ЖШС жобасы өңірдің агроөнеркәсіптік саласын жаңғырту жолындағы маңызды қадам болмақ. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Ақмола облысының елдегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі ретіндегі орнын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
- 04.06.2025
- 30