- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Қазақстан өз рейтингтік санатында ең төменгі кіріспен еурооблигацияларды орналастырды
Қазақстан Республикасының дербес еуробондтарды шығаруы елімізге халықаралық капитал нарықтарында қаражат тартуға, инвесторлардың базасын әртараптандырып, ішкі қарыз алу көздерінен тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Еуробондтарды шығару жаһандық қаржы жүйесіне интеграциялануға ықпал етіп, болашақта қарыз алу құнын азайтып, еліміздің сенімді займшы ретіндегі беделін нығайтады. Таяуда Қазақстан Республикасы 2,5 млрд доллар сомасына дербес долларлық еурооблигациялар сәтті шығарды. Оның ішінде: 5% купондық мөлшерлемесі бар 1,35 млрд доллар болатын 7 жылдық шығарылым және 5,5% купондық мөлшерлемесі бар 1,15 млрд долларға жететін 12 жылдық шығарылым қамтылған. Бұл А/BBB рейтингі бар елдердің төмен мөлшерлемелері арасында осы жылдың рекордтық көрсеткіш болып саналады. Бұл табысты көрсеткішке Қазақстанның орнықты макроэкономикалық өлшемдері оң әсер етті. Осы орналастырудың алдында Лондонда 180-ге жуық негізгі инвестордың қатысуымен ҚР Қаржы министрлігінің командасы роудшоу өткізгенін атап өткен орынды. Еурооблигацияларға деген сұраныс ұсыныстан екі есе асып, Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыстағы сапалы және әртараптандырылған инвесторлардың жоғары қызығушылығын көрсетті. Мұнай бағасының күрт төмендеуі мен геосаяси тұрақсыздық әрі базалық мөлшерлемелердің құбылмалылығы сынды күрделі нарық жағдайына қарамастан Қаржы министрлігі орналастырудың тең шарттарына қол жеткізді. Іске асырылып жатқан фискалды және салық реформалары, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер халықаралық инвесторлардың сенімін едәуір күшейтті. Еурооблигацияларды орналастыру квазимемлекеттік және корпоративті эмитенттердің болашақ шығарылымдары үшін бенчмаркты (баға бағдарын) белгілеуге мүмкіндік берді, бұл тәуелсіз кредиттік тәуекелге сәйкес кірістіліктің әділ деңгейін белгіледі. Бұл тетік ұлттық компаниялар үшін займ құнын төмендететініне сенімдімін, өйткені инвесторларда еліміздің тәуекел профилі туралы нақты мәліметі болады. Еурооблигациялар Лондон қор биржасында, «Астана»халықаралық қаржы орталығының биржасында және Қазақстан қор биржасында листингтен өтеді.
- 25.06.2025
- 12