- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қазақстанның оңтүстік облыстарында вегетация кезеңі қызу жүріп жатыр. Оның бірқалыпты өтуін қамтамасыз ету үшін министрлік мамандарынан 4 жұмыс тобы жасақталды.
Жұмыс топтары өңірлерге шығып, су ресурстарын заңсыз пайдалану жағдайларын тексеріп, жергілікті тұрғындарға су үнемдеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар мамандарымыз гидротехникалық нысандардың жағдайын бақылап, су беру кестелерін әзірлеуге қатысып, іске асырылып жатқан жобалардың сапасын бақылайды. Жұмыс топтары Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарының барлық ауданын аралап шықты.
Мысалы, Жамбыл облысының Қордай ауданында министрлік мамандары Шу өзенінің суын жергілікті диқандарға жеткізетін Георгиев магистральды каналына қосымша су беретін каналды шұғыл тазарту бастамасын көтерді. Бұл шара Георгиев каналының төменгі бөлігіндегі елді мекендерге қосымша су жеткізуге және каналға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Шу ауданында «Огородный 1» каналында сапасыз бетон төселгені анықталды. Бұл жұмыс Оң жағалау магистральды каналының реконструкциясы аясында атқарылған. Бас мердігерге ескерту жасалып, ақауы бар бөлікті бұзып, қайта бетондау тапсырылды. Қазіргі таңда мердігер ұйым бұл жұмысты орындап, қайта бетон құюды аяқтады.
Бұдан бөлек, суды заңсыз алу фактілері де анықталды. Мысалы, Қызылорда облысында вегетациялық кезең басталғалы 2,3 млн текше метрден астам су рұқсатсыз пайдаланылған. Ал Түркістан облысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысы анықталды.
Суармалы суды әділ және тиімді бөлу мақсатында ирригациялық каналдар арқылы кезекпен су беру кестелері жасалып, бекітіліп жатыр. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, ылғал сүйгіш дақылдар көлемін азайту және түнгі суару тәсілін қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы және басқа да шаралардың арқасында оңтүстіктегі бес облыстың диқандары бүгінге дейін 3 млрд 127 млн текше метрден астам су алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 389 млн текше метрге артық. 2024 жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 2 млрд 738 млн текше метр болған.
Алматы облысының шаруаларына 50 млн текше метрден астам су берілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 6 млн текше метрге артық. Жамбыл облысының диқандарына 135 млн текше метрден астам су берілді, бұл өткен бір жылмен салыстырғанда шамамен 50 млн текше метрге артық. Ал Жетісу облысындағы су пайдаланушыларға 250 млн текше метр суармалы су жіберілді.
Қызылорда облысының диқандарына 1 млрд 280 млн текше метрден астам су берілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 74 млн текше метрге артық. Түркістан облысының шаруа қожалықтарына 1 млрд 412 млн текше метрге жуық су берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 234 млн текше метрге артық.
Соның нәтижесінде Қазақстанның оңтүстігінде 348 мың гектардан астам егістік алқабы суарылып, «Қазсушармен» су беру туралы келісімшартқа отырған диқандар қауын, қарбыз, қырыққабат, баялды және басқа да алғашқы өнімдерін жинап үлгерді.
- 25.06.2025
- 19