- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Бюджет саясатында отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға ден қойылған
ҚР Парламентінде 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсындым. Биыл біз үшін бюджет саясатының орнықтылығы тұрғысынан алғанда маңызды жыл болды әрі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік басымдылығы сақталғаны тағы да расталды.
Айталық, Қазақстан экономикасында оң серпін байқалды: ІЖӨ өсімі 4,8%, ал 2025 жылдың алғашқы бес айында 6% артты. Негізгі үлес мұнайдан тыс сектордың есебінен қамтамасыз етілді. Бұл біздің экономиканы әртараптандыру бағытындағы қолға алған жұмысымыздың тиімділігін көрсетті. Инфляция 9,8% 8,6% дейін төмендеп, бюджет тапшылығы ІЖӨ-ге шаққанда 2,7% деңгейінде тұрақталды.
Қаржы теңгерімі импорттың төмендеуі мен ірі өнеркәсіп жобаларының іске қосылу мерзімінің ауысуы сияқты бірқатар сыртқы және ішкі факторға қарамастан бюджеттің кіріс бөлігін 97,2% орындауға мүмкіндік берді. Біз көлеңкелі экономикамен белсенді күресіп, нәтижесінде қазынаға қосымша 1,28 трлн теңге түсті. Бұл былтырғы межемен салыстырғанда 37% көп.
Әлеуметтік саясат басты назарда қалады. Біз әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай ресурстар бөлдік. Мәселен, 93,8 млрд теңге педагогтердің жалақысын көтеруге бағытталды, 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 789 балабақша ашылды, ал осал санаттағы балалардың 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілді. 19 млн текше метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 300 мыңнан астам адам газға қосылды, 3,5 мың шақырым сумен жабдықтау желілері, 542 шақырым жылу желілері жаңғыртылды және қуаты 700 МВт-тан астам жаңа генерация нысандары салынды.
Ұлттық жобаларға байланысты 751 млрд теңге бөлінді, бұл 105 мектеп (254 мың орын) салуға, апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын жоюға, сондай-ақ 460 денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтауға мүмкіндік берді. 2025 жылы қосымша 195 медициналық нысанды іске қосу мен 32 көпсалалы аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған.
Сондай-ақ 1,5 мың шақырым магистральды теміржол желісіне жөндеу жұмыстары аяқталды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 2024 жылы 62%, яғни 4,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте транзит 4 есеге, ал Қытайдан келетін транзит 28 есеге ұлғайды. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында үш жаңа терминал пайдалануға берілді.
Болашақ ұрпаққа ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, мектептер, университеттер мен медициналық ұйымдардың құрылысына тиісті қаражат аударылды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жалғасып жатыр: 7 млн астам бала өздеріне тиесілі ақшаны алды.
2024 жылы қабылданған негізгі шешімдер отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған: тұрғын үймен қамтамасыз етуден бастап мектептер мен ауруханаларды жаңғыртуға дейін.
- 27.06.2025
- 21