- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысы мен Әзербайжан бизнес қауымдастығы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Бүгін, 26 мамырда, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев «Caspian Energy Club» халықаралық бизнес ұйымының өкілдерімен кездесті. Жиынға Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Айхан Сулейманлы да қатысты.
Кездесуде тараптар экономикалық байланыстарды кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Caspian Energy Club — Каспий, Қара және Балтық теңіздері аймағындағы ірі мұнай-газ компанияларының қолдауымен 2002 жылы құрылған халықаралық бизнес ұйым. Қазіргі таңда клуб құрамында әлемнің 50 елінен 5000-нан астам компания мен ұйым бар.
Басқосуда әзірбайжандық кәсіпкерлерге Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті мен туризм саласындағы жобалар таныстырылды. Әзербайжандық кәсіпкерлер өңірмен түрлі бағыттар бойынша тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін білдірді.
Өз кезегінде, Аббат Өрісбаев облыс әкімдігі тарапынан кез келген ынтымақтастық бастамаларына қолдау көрсетілетінін жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап отыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бірлескен жобаларды іске асыруымыз қажет. Әзербайжандық әріптестердің тәжірибесі мен әлеуетін ескере отырып, нақты жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Біз бұл бағытта экономикалық көпір болуға әзірміз. Әсіресе IT, машина жасау, қайта өңдеу өнеркәсібі және логистика салаларында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделіміз, - деді Аббат Өрісбаев.
Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында әзербайжан капиталының қатысуымен 286 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Әзербайжан Республикасы – өңірдің негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. 2025 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында екіжақты сауда айналымы 6,3 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 6 млн доллар, импорт – 332 мың доллар.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 2