- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысында шомылуға тыйым салынған 10 су айдыны анықталды
Маңғыстау облысында шомылуға рұқсат етілген 45, тыйым салынған 10 су айдыны тіркеліп отыр. Бұл туралы өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды.
Қазіргі таңда рұқсат етілген жағажайлардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілуде.
Отырыс барысында қала және аудан әкімдері шомылу маусымына дайындық барысы туралы есеп берді. Мәселен, Ақтау қаласы бойынша 31 жағажай шомылуға рұқсат етілген, оның үшеуі коммуналдық жағажай. Ал шомылуға тыйым салынған үш аумақ бар. Атап айтқанда, 4а шағын ауданында орналасқан «Каспиан Ривьера» қонақ үйінен 5 шағын аудандағы Т.Г. Шевченко ескерткішінен төмен түсу
бағытындағы жағалау аймағы, «Шора» су каналының жағалау аймағы және «МАЭК» ЖШС су каналының бойы.
Қарақия ауданында шомылуға рұқсат етілген 9, тыйым салынған 2 орын анықталды. Оның ішінде бір коммуналдық жағажай бар. Ал Түпқараған ауданында 6 коммуналдық жағажай және 4 жеке демалыс орны жұмыс істейді. Барлық жағажайларда теңіз түбі тазартылған.
Сонымен қатар, көп жылдан бері өзекті болып келген «Солдатский» жағажайында құтқару бекеті салынып жатыр. Онда полиция және медициналық қызметкерлер үшін арнайы орындар қарастырылған.
Кеңес барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов маусым айында ашылатын балалар лагерьлерінің қауіпсіздік дайындығы туралы баяндады. Биылғы жазда Ақтау қаласындағы «Blue Marine Aktau», «Фламинго», «Еркемай» ЖШС-не қарасты «Толқын Плаза» демалыс орны мен «Rixos Water World Aktau» қонақ үйінің базасында, сондай-ақ Қарақия ауданындағы «Ақбөбек» лагерінде балалар тынығатын болады. Бұл нысандардың барлығы маусымның екінші онкүндігінде жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.
Қауіпсіздік мақсатында жағалау аумақтарында теңіз түбі тексеріліп, тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Білім басқармасымен бірлесіп, 30 мамырға дейін лагерьлер мен жағажайлардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексерілуде.
1 мамырдан бастап Полиция департаментімен бірлескен кезекшілік кестесі бекітіліп, патрульдік рейдтер басталды. Бұл жұмыстарға еріктілер де тартылып жатыр.
Өңірде наурыз айынан бері 214 ақпараттық іс-шара ұйымдастырылып, 45 рейд өткізілген. Тұрғындарға 4 мыңнан астам үгіт-насихат материалдары таратылды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай шомылу маусымы кезеңінде балалардың, туристер мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы тиіс екенін атап өтіп, басқарма басшылары мен жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 3