- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысында 2024 жылы бюджет шығыстарының жалпы орындалу деңгейі 96,3%-ды құраған
Бүгін, 28 мамыр күні Маңғыстау облысында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында 2024 жылға арналған облыс бюджетінің атқарылу нәтижелері талқыланды.
Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, сондай-ақ кеңес мүшелері мен салалық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Альбекова баяндама жасап, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді.
Марина Альбекованың мәліметінше, өткен жылы облыс бюджеті бірнеше мәрте нақтыланып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттарға басымдық берілген.
Бюджет шығыстарының жалпы орындалу деңгейі 96,3%-ды құраған. Оның ішінде ең көп қаржы білім беру саласына бағытталып, осы саланың орындалысы 99,6%-ға жетті. Жыл ішінде жаңадан 14 жекеменшік мектепке және 37 балабақшаға мемлекеттік тапсырыс берілген. Сондай-ақ, 4 жаңа мектеп қолданысқа беріліп, қазіргі таңда тағы 8 мектептің құрылысы жалғасуда.
Әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жастар саясаты бағыттарында бюджет қаражаты мақсатты әрі тиімді игерілді. Жұмыспен қамту шараларымен мыңдаған адам қамтылып, жаңа спорт нысандары мен жастарға арналған орталықтар пайдалануға берілген.
Сондай-ақ, экономиканың нақты секторына бағытталған қаржының 97%-ы игеріліп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған жобалар кең көлемде жүзеге асырылды.
Жиын барысында Марина Альбекова ауыл шаруашылығы мен экологиялық жобаларға қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ауыл шаруашылығы саласында 1 439 шаруашылыққа субсидия беріліп, «АқтауАгро» сынды ірі жобалар қолдау тапты. Кәсіпкерлікте 1 300-ден астам бизнес субъектісі қолдау алды. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары 98%-ға орындалып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» бағдарламасы аясында маусымдық жұмыс орындары ашылып, экологиялық тазалықты сақтау мен көгалдандыру бағытында тиімді жұмыстар жүргізілді, - деді Марина Альбекова.
Отырысқа жиналған қатысушылар денсаулық сақтау, білім беру, ауыл және балық шаруашылығы бағыттарына қатысты сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Басқарма басшылары тарапынан барлық сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге арнайы тоқталып, қолға алынған жобаларды атап өтті.
Кеңесті қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов алдағы уақытта жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 3