- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Эмин Агаларов Маңғыстауға келді: өңірде жаңа халықаралық курорт салу жайы талқыланды
29 мамырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың шақыруымен облысқа белгілі инвестор, Sea Breeze ірі туристік кластерінің негізін қалаушы Эмин Агаларов келді. Сапардың басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетімен және ірі курорттық кешен салуға қолайлы аумақтармен танысу.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай инвесторға жағажай туризмін дамытуға әлеуеті жоғары орын – «Кендірлі» курорттық аймағын және табиғаты ерекше Бозжыра шатқалын таныстырды. Сонымен қатар, өңірде туризмді дамытуға арналған жоспарлар таныстырылып, жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы ақпарат берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, туризм - өңірлердің экономикалық серпін берер қозғаушы күші. Бұл ретте Маңғыстаудың әлеуеті зор. Инвестиция тарту арқылы, туризмді дамыту шеңберінде аймақта бірқатар жобалар қолға алынды. Мәселен, 2025–2027 жылдар аралығында 13 ірі жоба жүзеге аспақ. Соның ішінде жылына 350 мыңнан астам турист қабылдай алатын туристік орын - Кендірлі жобасы бар. Бұл аймақта қонақүйлер, санаторийлер, аквапарк пен түрлі демалыс нысандарының құрылысы көзделіп отыр. Сонымен қатар, мұнда жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Ол 16 ел мен еліміздің 7 қаласына әуе қатынасын қамтамасыз ете алады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Келіссөздер барысында тараптар туризм саласындағы ықтимал жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады. Халықаралық деңгейдегі Sea Breeze жобасының негізін қалаушы әрі жетекшісіне мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктері мен жеңілдіктер туралы толық ақпарат берілді.
Атап айтқанда, келіссөздер Кендірліде Sea Breeze жобасына ұқсас курорттық аймақты іске асыру, түркі халықтары арасындағы мәдени алмасуды ілгерілету, сондай-ақ этнотуризмді дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық және мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналды.
Айта кетейік, Ақтау қаласы 2025 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған болатын. 5 сәуірде осы атаққа орай ресми ашылу салтанаты өтіп, оған Қазақстанның туризм жөніндегі елшісі Димаш Құдайберген қатысқан еді.
Бакудегі Sea Breeze жобасы Каспий теңізінің жағалауында курорттық қала құрудың табысты үлгісі болып саналады. Қазіргі таңда бұл кешен 500 гектар аумақ пен 7 шақырым жағалау жолағын қамтиды. Онда апартаменттер, қонақ үйлер, мейрамханалар, арена, әлеуметтік инфрақұрылым мен демалыс аймақтары орналасқан. Алдағы уақытта жоба аумағы 1500 гектарға, жағалау жолағы 22 шақырымға дейін кеңейеді деп күтілуде.
- 02.07.2025
- 4