- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпаздары марапатталды
Бүгін, 3 маусым күні Ақтау қаласында «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты салтанатты жиын өтті. Дарынды оқушыларға қолдау көрсетіп, олардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту, жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған шараға халықаралық және республикалық деңгейдегі білім, ғылым, өнер сайыстарында топ жарған 200-ден астам оқушы жиналды.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев дарынды жастармен кездесіп, оларға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Бізде облыстық бюджеттің ауқымды бөлігі дәл осы салаға бағытталды. Бұл – жастардың жан-жақты дамуына жасалып отырған нақты қолдау. Маңғыстаулық оқушылар бүгінде республикалық, халықаралық білім сайыстарында жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы білім беру саласын әрдайым назарда ұстап, оның маңыздылығын үнемі ескеріп отырады. Сіздердей білімді, талантты, алғыр жастарға қарап, еліміздің болашағы жарқын боларына сеніміміз мол. Барлық жетістік – білім мен табандылықтың, ұстаздар мен ата-аналардың еңбегінің нәтижесі. Алда сіздерді үлкен асулар мен жаңа белестер күтіп тұр. Түлектерге сәттілік тілеймін!, – деді Аббат Өрісбаев.
Шара барысында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, ғылымға деген қызығушылығы, мамандық таңдау, табысқа жету жолы, кітап оқудың маңызы, ізденіс пен еңбек туралы пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылында Маңғыстау өңірінің мыңға жуық оқушысы халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, 323 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 2 бас жүлде, 63 алтын, 111 күміс, 147 қола медаль бар.
Бұдан бөлек, оқушылар ғылым, өнер, спорт, робототехника, шығармашылық байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетуде.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 4