- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Ақтауда халықаралық эндохирургиялық конгресі басталды
Бүгін, 19 маусым күні Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері мен орталық Азия елдердің II пәнаралық эндохирургиялық конгресінің ресми ашылу салтанаты өтті. Халықаралық ғылыми-медициналық басқосу Маңғыстау өңірінде екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Конгреске Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпанов және Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Моңғолия сынды елдердің жетекші хирургтары мен медицина ғалымдары қатысты.
Салтанатты шараның барысында аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай халықаралық конгрес дәстүрлі түрде Ақтауда өтуіне ұсыныс жасады. Сонымен қатар, өңірде жүзеге асып жатқан игі істерге тоқталып, медицина саласына жасалып жатқан қолдау шараларын атап өтті.
- Қадірлі меймандар, киелі Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер! Бүгінгі Конгресс медицина ғылымындағы өзекті мәселелер мен заманауи технологиялар бойынша тәжірибе алмасуға, кәсіби ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды алаң. Конгресс шеңберінде еліміздің және шет мемлекеттердің жетекші хирургтары өңір тұрғындарына 30-дан астам күрделі операция жасады. Барлық оталар сәтті аяқталып, науқастар үйлеріне аман-есен шығарылуда. Соңғы 3 жылда өңір медицина саласына құйылған қаражат 33,6% көбейіп, медициналық ұйымдардың жабдықталуы 87,1%-ға жетті. Аймақта бірқатар жаңа медициналық нысандар іске қосылды. Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласындағы көпбейінді аурухана жаңа ғимаратқа көшірілсе, республикалық бюджет есебінен бой көтерген Мұнайлы аудандық ауруханасы жақында ғана пайдалануға берілді. Адам өмірінен артық бағалы ештеңе жоқ. Маңғыстауға сапарларыңыз сәтті болсын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың арнайы құттықтау хатын ҚР ДСМ өкілі, хирургиялық қызметтің кураторы Қуандық Жұманқұлов оқып берді.
Каспий маңы елдерінің ІІ пәнаралық эндохирургиялық конгресі аясында Ақтау қаласы тәжірибе алмасу мен жоғары технологиялы медициналық көмектің өңірлік орталығына айналды. Конгресс шеңберінде Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген жетекші хирургтар Маңғыстау облыстық ауруханасының базасында өңір тұрғындарына 30-дан астам аса күрделі эндоскопиялық операция жасады.
Неврология, акушерия және гинекология, педиатрия, урология бағытындағы оталар заманауи медициналық жабдықтармен, оның ішінде жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған соңғы үлгідегі құрылғылардың көмегімен өткізілді. Бұл – халықаралық тәжірибе мен цифрлық медицинаның ұштасқан жарқын үлгісі болды.
Мұндай ауқымды шаралар Маңғыстау медицинасының әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірді инновациялық ғылыми-тәжірибелік хаб ретінде дамытуға жол ашпақ.
Айта кетейік, конгресс аясында эндохирургияның түрлі бағыттары бойынша ғылыми баяндамалар ұсынылып, жоғары технологиялы лапароскопиялық операциялардың 3D HD, ICG, 4K форматында тікелей трансляциялары өтеді. Сонымен қатар балалар, әйелдер, урологиялық, абдоминалдық және эндокриндік хирургия салаларында дөңгелек үстелдер, пікірталастар, тренингтер мен симуляциялық оқыту сессиялары, шеберлік сағаттары ұйымдастырылмақ.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 6