- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде
20 маусым күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновтың төрағалығымен алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті.
Басқосуда облыс аумағындағы инженерлік инфрақұрылым нысандарының техникалық дайындығы, жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарының барысы және алда атқарылуы тиіс міндеттер талқыланды.
Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәлімдеуінше, жылу желілерін жөндеу бойынша биыл 20,2 шақырым күрделі жөндеу және 9 шақырым ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда 8,7 шақырым немесе жалпы көлемнің 30% жөнделді. Барлық жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталады деп күтілуде.
«МАЭК» ЖШС бойынша 2025–2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес үш ірі нысанда күрделі жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ, «МРЭК» АҚ бойынша 495,4 км электр желісін жөндеу жоспарланса, қазіргі таңда оның 187,7 км немесе 38%-ы орындалған.
Жиында Ақтау және Жаңаөзен қалаларының жылыту маусымына дайындығы туралы да баяндалды.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Саркеновтің айтуынша, қаладағы жылыту маусымына дайындық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға бағытталған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде.
- Қалада 1291 көппәтерлі тұрғын үй тіркелсе, соның 1096-сы орталық жылу жүйесіне қосылған. Қалған 195 үй 21 автономды қазандық арқылы жылумен қамтылады. 1 маусымнан бастап жылу желілерін тазалау және қысыммен тексеру жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 300 үйге ревизия жасалды. Бұл жұмыстар 15 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда, - деді Ерлан Саркенов.
Сондай-ақ, 19 ш/а, 31Б, 32Б, 32В, 35 шағынаудандарындағы 8 автономды қазандық арқылы 32 тұрғын үйге жылу беріледі. Аталған қазандықтарда да жөндеу және тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлының мәліметінше, қала бойынша 192,32 шақырым сыртқы жылу желісінің техникалық жағдайы тексеріліп, соның 30,778 шақырымының немесе 16%-ының тозығы жеткені анықталған.
Қазіргі таңда «Шұғыла» және «Самал» шағынаудандарындағы 4 учаскеде сыртқы жылу жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар аясында 6,9 шақырым құбыр жаңартылатын болады.
Сонымен қатар, Жаңаөзеннің орталық қазандығында орналасқан қондырғыларға жөндеу және тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлерде гидропневматикалық сынақтар бекітілген кестеге сай басталып, бірнеше шағынауданда аяқталған.
Кеңес қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов аудан және қала әкімдіктеріне барлық нысандарды бақылауда ұстап, жұмыстардың орындалу барысын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 9