- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
2025–2028 жылдар аралығында Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы саласын жүйелі дамыту үшін 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл бастамалар мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, азық-түлік өндірісі және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарын қамтиды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев айтты.
- Саланы қолдау мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы субсидиялар бөлінуде. Соңғы үш жылда 2654 агроөнеркәсіптік кешен субъектісіне мемлекеттік қолдау көрсетілді. Биылғы жылы да 731 шаруашылыққа қаржылай қолдау берілді. Мал шаруашылығы бағытына 686 субъект субсидия алды. Жыл басынан бері облыстағы мал басының саны 747489-ға жетті, - деді Дастан Мұраталиев.
Биылғы жылдың алғашқы 5 айында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 100,3%-ды құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102,1%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Мал азығына қажеттілік те есепке алынып отыр. 2025–2026 жылғы кезеңге өңірге 83 мың тонна шөп пен 26,2 мың тонна жем қажет. Биыл жергілікті жерде шөп шабумен айналысатын 20 бригада құрылып, 11 мың тонна шөп жинау көзделіп отыр.
Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ұн өндіру кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп тұр. Аймақтағы екі ұн комбинатының бірі - Бейнеу астық терминалы. Мұнда тәулігіне 80-90 тонна көлемінде «Bastau» маркасымен бірінші сұрыпты ұн өндіріледі. Сонымен қатар, экспорттық әлеует те артып келеді. Ауғанстанмен жасалған келісім аясында 1000 тонна бидай мен 200 тонна ұн экспортталды. Сонымен қатар Өзбекстанға сынама ретінде 20 тонна ұн жөнелтілсе, Қытайлық компаниялармен мал азығын тасымалдау бойынша келісімдер жасалды.
Әлеуметтік маңызы зор «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл қаңтар айында өңірдегі 46 ауылдық округ пен Форт-Шевченко қаласында скрининг жұмыстары жүргізілді. Жоба аясында биыл 217 бастаманы қаржыландыру жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай аталған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жауапты сала басшыларына жүктеді. Сондай-ақ ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 6