- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Биыл облыс аумағында KazEOSat жерсеріктік станциясы орнатылады
24 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі цифрландыруды дамыту мәселесі талқыланды.
Кеңесте сөз алған Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Құдайберген Алмағамбетов цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстық Жастар ресурстық орталығы базасында өңірлік IT-хаб іске қосылған. Аталмыш хабтың мақсаты - жастарды цифрлық технологияларға тарту, стартап-экожүйені дамыту және заманауи технологиялар бойынша білім алуға мүмкіндік жасау.
- Биыл аталмыш хаб мектеп оқушылары арасында киберқауіпсіздік пен цифрлық мәдениетті насихаттауға бағытталған «Кибер Тұмар» атты жастар шарасын ұйымдастырды. 1 маусым күні 3D-баспаға арналған арнайы кабинет ашылды. Бұл жерде жастар аддитивті өндіріс технологияларын меңгеріп, инженерлік жобаларын жүзеге асыра алады. Жыл соңына дейін көлемді IT-фестиваль өткізу жоспарланған. Оның аясында робототехникадан олимпиада, спорттық бағдарламалау мен киберспорт турнирі өткізіледі. Сонымен қатар еліміздің жетекші IT-лидерлерімен кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр, - деді Құдайберген Алмағамбетов.
Цифрландыру саласында «She Commerce» бағдарламасы аясында әйел-кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмысы да белсенді жүргізілуде.
Құдайберген Алмағамбетов өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен көлік қозғалысын бақылау жүйелеріне де тоқталды. Биылғы жылдың сәуір айына дейін «Сергек» бейнебақылау жүйесі арқылы 398 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, тиісті айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда Ақтау қаласында жол қозғалысы ережелерін автоматты анықтайтын жаңа функционалдар тестілік режимде енгізілуде.
Сонымен қатар, туристік бағыттағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Саура» және «Голубая бухта» жағалауларында байланыс сапасын арттыру үшін байланыс операторларымен бірлесіп үш антенна-мұнара орнату нүктесі анықталған. Қазіргі таңда бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындау үстінде.
Облыстағы шалғай және туристік аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету үшін Starlink жүйесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автожолдар бойына 13 антенна-мұнара орнату жоспарланған.
Сондай-ақ, биыл облыс аумағында KazEOSat жерсеріктік станциясы орнатылады. Жоспарға сәйкес, станция Yessenov University аумағында орналасады. Бұл жоба аясында екі тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде цифрлық технологияларды жандандыру бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
- Цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект жүйесін білім беру мен денсаулық сақтау салаларына енгізу жұмыстарын жандандыру қажет. Сондай-ақ, Starlink жүйесі арқылы электронды үкімет қызметтерін енгізу, қалаішілік автобустарды бейнебақылау камераларымен жабдықтау, жол бойындағы байланыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жеделдетіңіздер, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 02.07.2025
- 8