- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысының әкімі демалыс орындарын ластамауға шақырды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бастамасымен Каспий теңізі жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді. Өңір басшысы тұрғындар мен туристерді демалыс орындарын таза ұстауға шақырды.
Тазалық шарасына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, коммуналдық қызмет мамандары мен мемлекеттік қызметшілер жұмылдырылды. Жағажай аумағындағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, санитарлық жағдай ретке келтірілді.
Нұрдәулет Қилыбай өңірге келетін саяхаттаушылар мен жергілікті тұрғындардың табиғатқа ұқыпты қарауының маңызды екенін атап өтті.
- Бүгін әріптестерімізбен теңіз жағасын тазалауға шықтық. Себебі, өкінішке қарай, кейбір демалушылар артынан қоқысын жинамай кетеді. Әрине, жауапты мамандар, коммуналдық қызметкерлеріміз тазалықпен тұрақты айналысып жатыр, бірақ бұл тек олардың ғана міндеті емес. Егер әр адам өзі пайдаланған орынды тазалап кетпесе, ешқашан толық тәртіп орнамайды. Қазір туристер саны күн сайын артып келеді. Маңғыстаудың көрікті жерлерін тамашалаңыздар, теңізге түсіңіздер, демалыңыздар, бірақ, ең бастысы өз іздеріңізді жинап кетсеңіздер деген тілегіміз бар. Ағайын, табиғатты ластамайық, аялайық. Бұл туған елге, туған жерге, Жер-Анаға деген құрметтің белгісі, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 13-15 шілде аралығында облыстағы туристік нысандарға кешенді тексеру жүргізілуде. Мониторинг барысында жалпы қолжетімді жағажайлар мен демалыс базаларының санитарлық жағдайы, құтқару бекеттерінің дайындығы, су қауіпсіздігі талаптарының орындалуы және жағалау аумағының экологиялық ахуалы қаралуда.
Бақылау кезінде кейбір демалыс аймақтарында санитарлық талаптардың сақталмауы сынды олқылықтар анықталды.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысына 66 мыңнан астам турист келген. Қазіргі таңда өңірде 31 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 25-і Ақтау қаласында, 6-ы Қарақия ауданында, 4-і Түпқараған ауданында және 2-і Жаңаөзенде орналасқан.
Айта кетейік, аймақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 37 мыңнан аса адам сенбілікке қатысып, 12 мыңдай ағаш отырғызылған. 839 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 9 мыңнан аса тонна қоқыс шығарылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 15.07.2025
- 30