- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
«Заң мен тәртіп» апталығы: Маңғыстауда қылмыстық заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді
Бүгін, 15 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның қатысуымен қылмыстық заңнамадағы жаңашылдықтар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарына арналған кеңейтілген жиын өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп» атты ақпараттық-түсіндіру апталығы аясында өткізілді.
Басқосуға облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен салалық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, ақсақалдар мен қоғам белсенділері қатысты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан кездесуде қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер жайында кеңінен баяндап, олардың мән-маңызына тоқталды.
- Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөніндегі бұл өзгерістер Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында қабылданды. Қазіргі тұжырымдама аясында қабылданған заң жобасы - заңнаманың ішкі қайшылықтарын жою, әділеттілік пен гуманизм қағидаттарын күшейту және қылмыстық процесті оңайлату сынды мақсаттарға бағытталған, - деді Абзал Құспан.
Аталған заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске бірнеше жаңа баптар енгізілген. Атап айтқанда, сталкинг үшін жауапкершілік белгіленіп, жәбірленушіні жүйелі түрде аңду, қорқыту немесе психологиялық қысым жасау әрекеттері жеке қылмыс ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, банктік шоттарды заңсыз ашу және пайдалану фактілері яғни, дропперлік бойынша арнайы бап қосылды. Қыз алып қашу секілді некеге мәжбүрлеу жағдайлары да енді жеке қылмыс ретінде қаралып, ауырлататын мән-жайлармен жаза күшейтілді. Бұған қоса, адам ұрлау бабына нақтылау мен түзетулер енгізіліп, зардап шегушіні өз еркімен босатқан жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату тетігі алынып тасталды.
Жиын барысында Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ілияс Жұмағұлов өңірдегі криминогендік ахуалға қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде өңірде қылмыс деңгейі төмендеген.
- Қоғамдық тәртіп нығайып, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны азайды, ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 4,2 пайызға жақсарды. Интернет-алаяқтық деректері бойынша 189 факті тіркеліп, олардың ішінде ауыр санаттағы үш қылмыстық іс ашылды. Биыл «Профилактика жылы» деп жарияланғандықтан, алдын алу жұмыстары күшейтілді, - деді Ілияс Жұмағұлов.
Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, бірқатар сауалдарын қойды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы тиіс екенін атап өтті.
- Ел болған соң түрлі келеңсіз оқиғалар орын алады. Бірақ ең маңыздысы - оларға уақтылы және жүйелі түрде әрекет ету. Жауапты органдар профилактикалық шараларды барынша күшейтуі тиіс. Құқық қорғау органдары бұл бағытта негізгі жұмыс жүргізетін құрылымдардың бірі. Сондай-ақ, сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамтуды назарға алу керек. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру үшін электронды бақылау құралдарының санын көбейту маңызды. Бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 15.07.2025
- 27