- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Өңір басшысы Ақтөбе жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңындағы этноауылда Наурыз мейрамын ақтөбеліктермен бірге қарсы алды. Мерекелік іс-шараға жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әз-Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналғанын, оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтетінін, бірге атап өтетінін айтқан болатын. Күні кеше Көкшетауда төртінші құрылтайда ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында төл мәдениетіміздегі Әз Наурыз мейрамының орны бөлек екеніне де ерекше тоқталды», – деп сөзін бастаған өңір басшысы Наурыз бірлік пен ынтымақтың, жаңару мен жақсылықтың символы екенін тілге тиек етті.
Облыс әкімі былтырғы жылдан бастапелімізде «Наурызнама» тұжырымдамасы енгізіліп, мейрам онкүндік форматында кең көлемде тойланып жатқанын сөз етті. Биыл да ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мерекені ерекше көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда.
Асхат Шахаров өңірдің жыл сайын даму қарқыны артып, халықтың әл-ауқаты жақсарып, түрлі маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл жетістіктер – бірлігіміз бен ортақ еңбегіміздің нәтижесі.
«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деп өңір басшысы сөзін қорытындылады.
Облыс әкімі этноауылда бой тізген киіз үйлердегі қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрмелерді аралады. Ұлттық бұйымдар, ағаш және тері өңдеу шеберлігінің үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасымен кәсіп бастағандардың өнімдері қойылған көрмені де қарап шықты. Бүкіл ауданнан келген 60-тан аса кәсіпкер өз тауарларын көпшілікке ұсынды.
Салтанатты шарада Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры, «Сақтау» этно-фольклорлық тобы, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Дауыс» әншілер ұжымы өнер көрсетті. Сонымен қатар, дәстүрлі әндер шеруі ұйымдастырылып, қазақтың бай музыкалық мұрасы дәріптелді.
Мерекеде салт-дәстүрге негізделген шаралар да өткізілді. Қазақтың ұлттық ұғымындағы табиғатқа байланысты 7 амал жұмбақ ретінде қойылып, сыр сандықтар ашылды. Наурыздың рухани мазмұнын арттыру мақсатында әжелердің аластау дәстүрі мен жаршылар, жорамалшылар, кернешілердің халықтық өнері сахналанды. Ал, көпшілікке танымал Тазша бала мерекенің сәнін келтірді.
Елімізге танымал Мирас пен Құралай Бекжановтар өздерінің өнерлерімен мерекені сәндеп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
- 18.07.2025
- 7