- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Түркістан облысына жұмыс сапарым аясында Шардара ауданындағы су шаруашылығы жағдайымен таныстым.
Бүгінгі таңда Қызылқұм каналы күріш, жүгері, мақта, көкөністер, жоңышқа, жүзім, бау-бақша дақылдары өсірілетін 28 366,1 га жерге су жеткізді. Вегетация кезеңі басталғалы бері канал арқылы су беруге 2 978 келісімшартқа қол қойылды.
Оған қоса, «Қазсушардың» жергілікті филиалының Шардара және Мақтаарал өндірістік учаскелерінің басшылары жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұған дейін олар қатаң сөгіс алған болатын.
Оған аудандарда анықталған бұзушылықтар себеп болды. Атап айтқанда, Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткен. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 га шегіне қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 га күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан.
Министрліктің жұмыс топтары тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, өңір каналдарындағы су деңгейін бақылауда ұстап отыр. Су беру кезекпен жүргізіліп, шаруалармен түнгі суаруға көшу және егіс айналымы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Десе де судың «көлеңкелі нарығын» жою мәселесі өзекті болып қала береді. Шардара су қоймасының маңында 24 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды. Бұған дейін біз заңсыз су алумен тиімді күресу үшін облыстың құқық қорғау органдарымен күш біріктірдік.
Сондай-ақ Шардара топтық су құбыры құрылысының барысымен таныстым. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Нысанның ұзындығы - 39,28 км. Жоба аясында I және II көтергіш сорғы станцияларын салу, сондай-ақ сегіз ұңғыманы бұрғылау жоспарда бар.
Қуаты тәулігіне 12 мың текше метр болатын су құбыры Шардара қаласының және жақын маңдағы 22 елді мекеннің тұрғындарын «Шардара-Байырқұм» жерасты көзінен сумен қамтамасыз етеді.
- 29.07.2025
- 6