- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы су шаруашылығы жағдайымен және вегетация кезеңі барысымен танысып, жергілікті диқандармен кездестім.
Жаңақорған ауданының Сунақата ауылдық округінде күріш алқаптарының жай-күйімен және тамшылатып суару арқылы көкөніс өсіретін шаруа қожалықтарының жұмысымен таныстым. Сондай-ақ жергілікті шаруаларға су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңызды екені жайлы айтып бердім.
Қазіргі жағдайда су үнемдеу технологияларын енгізу - бұл қажеттілік. Министрлік тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелеріне көшу үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Лазерлік тегістеу сияқты технологияларға ерекше назар аударылады, бұл әдіс суармалы суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, лазерлік тегістеуіш сатып алуға субсидиялар егіс алқабы кемінде 200 га болатын шаруашылықтарға ғана төленетін талапты алып тастадық. Осындай жұмыс арқылы Қазақстанның ауыл шаруашылығында бұл технологияны 100% қолдануға қол жеткізгіміз келеді.
Былтыр 55 мың гектар күріш алқабын лазермен тегістеудің арқасында Қызылорда облысында 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Алқаптардағы орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті.
Кейін Жаңақорған және Шиелі аудандарының шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз ететін каналдардағы су сорғыларының жұмысымен таныстым.
Қызылорда облысының егіс алқаптарына су беруді жақсарту үшін министрлігіміз бен Төтенше жағдайлар министрлігі ирригациялық каналдарда тасымалданатын сорғы қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізді. Барлығы 324 агрегат орнатылды.
Сонымен бірге өңірде бес магистральдық және үш шаруашылықаралық каналдар бойынша кезектесіп су беру жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша барлық егіс алқабының 98%-ы кезекпен суарылуда.
Вегетация кезеңі басталғалы бері «Қазсушардың» Қызылорда филиалы диқандармен суармалы су беру бойынша 1 015 келісімшарт жасасты. Бүгінде өңірде 120,2 мың гектар жер суарылды, ал су алу 2,766 млрд текше метрді құрайды.
- 29.07.2025
- 5