- Блогтар
- Бейсембаев Ғ.Б.
Бейсембаев Ғ.Б.
ҚР Оқу-ағарту министрi
25,3 млрд теңге ата-аналардың есепшотына аударылды: «Жалпыға бірдей білім беру қоры» арқылы оқушылар 100% қамтылды
Жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы оқушылардың барлығы «Жалпыға бірдей білім беру қоры» аясында толық қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алуға 25,3 млрд теңге аударылды.
500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.
Жалпыға бірдей білім беру қоры жыл сайын балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмектеседі. Бұл ата-аналарға балаларын мектепке дайындауға мүмкіндік береді және әрбір оқушы үшін тең мүмкіндіктер жасайды. Айта кету керек, аталған қор — мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі.
Биылғы жылы бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 46 228 теңгені құрайды. Сонымен қатар, мәслихаттардың шешімімен кейбір өңірлерде жоғарырақ көрсеткіштер белгіленген: Алматы қаласында — 55 000 теңге, Жамбыл облысында — 53 117 теңге, Павлодар облысында — 53 663 теңге.
Айта кетерлігі, 2023 жылдан бері материалдық көмектің көлемі бір балаға 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін 2,5 есеге артты.
- 08.09.2025
- 15