- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Baqylauda цифрлы сервисі мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттырады
Мемлекеттік қолдауға мониторинг жүргізетін цифрлы сервистердің бюджет қаражатының ашықтығы мен тиімділігін, сондай-ақ мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етудегі маңызы жоғары. Олар шынайы уақыт режімінде мемлекеттен көрсетілетін көмек шараларының қаншалықты тиімді екенін бақылап, қайталануын анықтауға, ресурстарды мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға және көрсетілетін қолдаудың экономикаға әсерін бағалауға септігін тигізеді. Сол себепті Қазақстанда Baqylauda цифрлы сервисі іске қосылды. Аталған жүйе онлайн режімде бюджет қаражатының қайда жұмсалатынын және оның әсерін бағамдауға мүмкіндік береді.
Біз Qoldau.kz платформасында 100 астам мемлекеттік қолдау түрін біріктірдік. Онда кез келген адам қаржыландыру тетіктерінің (жеңілдетілген лизингтен бастап субсидияларға дейін)қалай жұмыс істейтінін көре алады. Бұл әр теңгенің тиімді жұмсалауын талдауға септесетін нақты құрал.
Қазір жүйеде кейінгі 10 жылдағы деректер бар. Мысалы, айтарлықтай қаржылай қолдау пандемия кезінде көрсетілгені мәлім. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына шамамен 1 трлн теңге бағытталды. Екінші орында ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу (920 млрд теңге) тұр, үшінші орынды асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға (675 млрд теңге) арналған қолдау жобалары түйіндеп отыр.
Бұл ретте жұмсалған ақшаның мөлшерін анықтаумен бірге нәтижені де бағалау маңызды екенін айта кетейік. Бұрын бірыңғай дерекқор болған жоқ әрі белгілі бір компанияның бір уақытта түрлі көздерден қолдау алатынын және оны қаншалықты тиімді пайдаланатынын бақылау қиынға соғатын. Енді мұны қадағалау жолдары қарастырылған.
Кемшіліктер анықталған кезде жүйе шешім қабылдаған операторға (мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігі немесе азық-түлік корпорациясына) белгі береді.
Кейбір салаларда, мысалы ауыл шаруашылығында көп нәрсе сыртқы факторларға байланысты екенін жақсы түсінеміз: ауа-райы мен нарықтың құбылуы секілді. Сондықтан бағалау салалық ерекшеліктерді ескере отырып, бірнеше жылда серпінді түрде жүргізілетін болады.
Біздің мақсатымыз – барлығына әділ және ашық жағдай жасау. Мемлекеттен бөлінген әр тиын өз нәтижесін беруі тиіс.
- 17.09.2025
- 5