- Блогтар
- Бөлекпаев Е.Қ.
Бөлекпаев Е.Қ.
Қарағанды облысының әкімі
Күн батареялары Қарағанды облысы тұрғындарын таза сумен қамтуға көмектесуде
Қарағанды облысында Мемлекет басшысы қойған міндет – барлық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл үшін тек дәстүрлі тәсілдер ғана емес, сонымен қатар жаңа жасыл технологиялар да қолданылады.
Бұқар жырау ауданының Алабас ауылында пилоттық жоба аясында күн батареяларымен жұмыс істейтін су блок-модулі орнатылды. 31 панель станцияны толықтай электр қуатымен қамтамасыз етеді, ал артық энергия желіге беріледі. Соның арқасында тұрғындар суды тегін алып отыр.
Бұл ауылда 60 тұрғын бар. Бұған дейін олар су алу үшін колонкаға баратын.
Мердігерлердің айтуынша, бұған дейін жиналған қаражат электр қуатының шығынын әрең жабатын. Енді жүйе толықтай автоматтандырылған, күн энергиясымен жұмыс істейді және өзін-өзі ақтап отыр.
Осындай жоба Аюлы ауылында да енгізілді. Мамандардың есептеуінше, бұл үлгіні басқа да шағын елді мекендерге таратуға болады.
Первое мая кентінде су әр үйге тартылды.
Жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданындағы барлық тұрғын таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Президент тапсырмасы бірнеше бағытта жүзеге асырылып жатыр. Шағын елді мекендерде кешенді блок-модульдер орнатылуда. Мысалы, бар-жоғы 22 тұрғыны бар Ескі Түзды ауылында 100 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланып, насос, сүзу жүйесі мен резервуарлар қойылды. Сондай-ақ су тарату пункттері бар – резервуарлы контейнерлерге су жеткізіліп, тазартылып, тұрғындарға беріледі. Мұндай үлгі Волковскийде іске асырылған.
Қазір облыстағы ауыл халқының шамамен 98%-ы сумен қамтылған. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін су құбыры желілерін салу мен блок-модульдерді орнатуды көздейтін 67 жоба жүзеге асырылып жатыр.
- 02.10.2025
- 25