- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
XII Азаматтық форум қарсаңында қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездестім.
Кездесуде ведомствомыздың соңғы екі жылда атқарған жұмыстары туралы айттым. Қатысушылармен су ресурстарын бақылау тетіктерін және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты талқыладық.
Үкіметтік емес ұйым өкілдері су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік бастамаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Бұл ұсыныстар XII Азаматтық форумында ескеріледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды.
Министрлігіміз үкіметтік емес сектормен ынтымақтастықты тиімді әрі тұрақты су саясатының ажырамас бөлігі деп санайды. Мысалы, жаңа Су кодексінің басты мақсаттарының бірі – қоғамның су ресурстарын басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
Бассейндік кеңестер арқылы су пайдаланушылар, бизнес, экологиялық ұйымдар мен ғылыми орта өкілдеріне шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі берілді. Қоғамның рөлін күшейту – су саласындағы шешімдер жергілікті жердегі нақты мәселелерді көріп отырған азаматтардың пікірін ескере отырып қабылданады деген сөз.
Бүгінгі ҮЕҰ өкілдерімен кездесу 15-16 қазанда өтетін XII Азаматтық форумға дайындықтың екінші кезеңі аясында өтті. Азаматтық форум – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық әрі конструктивті диалогқа арналған ұлттық алаң. Ол екі жылда бір рет өткізіледі және мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық құрылымдардың, бизнес өкілдерінің, сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың басын қосады. Дайындықтың алғашқы кезеңінде, мамырдан қыркүйекке дейін еліміздің 20 өңірінде қоғам өкілдерімен кездесулер өтті. Оның нәтижесінде форум қатысушыларының ұсыныстарын жүзеге асыруға бағытталған іс-қимыл жоспарлары қабылданды.
- 06.10.2025
- 23