- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Президент Кеңесшісі Мемлекет басшысының Жолдауындағы стратегиялық бағыттарды түсіндіру мақсатында Ақмола облысында кездесу өткізді
Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі стратегиялық бағыттар Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен өткен кездесуде талқыланды. Іс-шараға барлық деңгейдегі әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген бастамалар мен басымдықтардың өңірдің әрі қарай дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, оны іске асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында елдің дамуына жаңа серпін беретін негізгі бағыттарды айқындап берді. Атап айтқанда, цифрлық саланы кешенді жаңғырту, ұлттық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру, энергетика секторын жаңарту, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инвестициялар тарту және басқа да шаралар қамтылған. Бұл бағыттар алдағы дамудың басты басымдықтары ретінде белгіленді», – деді Марат Ахметжанов.
Өз кезегінде Президент кеңесшісі аграрлық сектордың ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап, ауыл еңбеккерлері мен ауыл шаруашылығы саласы мамандарының еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығы өңірдің тұрақты дамуының негізі екенін айтты.
«Ақмола облысы – қарқынды дамып келе жатқан өңір, оның дамуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент ел дамуының жаңа кезеңіне арналған ауқымды мақсаттар қойды. Соның бірі - цифрландыру, ол бүгінде жаһандық үрдіске айналды. Цифрландыру - азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды құралы. Бүгінде аумақтық және мемлекеттік тұтастықты, рухани үйлесімділікті, қоғамның дамуы мен сақталуын, заңдылықты, сенім мен өзара қолдауды қамтамасыз ететін теңгерімді басқару жүйесі құрылды», – деді Мәлік Отарбаев.
Кездесу барысында Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров пен Красный яр ауылдық округінің әкімі Серікжан Мәкіш сөз сөйледі.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Президент Кеңесшісі А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ұжымымен кездесті. Онда жастар саясаты, білім сапасы және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.
- 15.10.2025
- 7