- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Республика күні қарсаңында «Қазсушар» РМК-ның «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы мамандарына жаңа арнайы техниканың кілттерін табыстадым.
Бүгінде филиалға жүк көліктері, тракторлар, тартқыш көліктер, экскаваторлар, мотоциклдер және басқа да техникаларды қоса алғанда барлығы 47 техника жеткізілді.
Филиал барлығы 73 арнайы техникамен қамтамасыз етіледі. Республика көлемінде «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдарына жалпы саны 757 жаңа техника беру жоспарланған, оның 524-і қазірдің өзінде жеткізілген.
Сонымен қатар Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада Алматы облысының су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстадым.
Жаңа әрі заманауи техника филиалдардың жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Министрлік берген жабдықтар мен автокөліктер қазірдің өзінде гидротехникалық нысандарды жөндеу, салу және тазалау жұмыстарына пайдаланылып жатыр.
Біз су саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және олардың мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеміз. Биыл «Табиғи монополиялар туралы» заңға су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін арттыруды көздейтін өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ министрлік мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Алматы облысына жасаған жұмыс сапарымда «Алматы облысы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Қазсушар» РМК өкілдерінің қатысуымен кеңес өткіздім. Кездесуде су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау мәселелері, сондай-ақ 2026 жылғы суару маусымына дайындық барысы талқыланды.
- 21.10.2025
- 10