- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Қазақстан инвесторлардың сенімін нығайтып келеді
Халықаралық облигацияларды шығару көптеген мемлекеттің қаржылық стратегиясының маңызды құралы болып саналады. Еуробондтар кез келген елдің үкіметіне қаржыландыру көздерін әртараптандырып, ішкі инвесторлардан тәуелділікті азайту арқылы халықаралық нарықта капитал тартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек бағалы қағаздардың шығарылымы шетелдік инвесторлардың сенімін байқатып, елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі күшейтіп, мемлекеттің халықаралық имиджін арттырады.
Қазақстан Үкіметі 5 жылдық айналым мерзімімен – 1,5 млрд доллар сомасына егеменді еурооблигацияларды сәтті орналастырды. Бұл Қазақстанның халықаралық борыш нарығына қатысу тарихындағы ең табысты шығарылымдардың бірі. Түпкілікті кіріс мөлшері 4, 412% деңгейінде және АҚШ қазынашылық облигацияларына спрэд 85 базистік тармақ мөлшерінде байқалып, бұл біздің еурооблигациялар шығарылымының тарихындағы ең төменгі көрсеткіш болды.
Сұраныс ұсыныстан үш есеге асып түсті. Айталық, өтінімдер кітабы 4,4 млрд долларға дейін жетті. Осы меже инвесторлардың Қазақстан экономикасының тұрақтылығына және іске асырылып жатқан бюджет-салық саясатының тиімділігіне деген сенімін көрсетіп отыр. Қатысушылар қатарында: Еуропа мен АҚШ-тың ең ірі институционалды инвесторлары бар, сондай-ақ Азия мен Таяу Шығыс өкілдерінің рекордтық көрсеткіші тіркелді, оның ішінде бұған дейін біздің орналастыруларымызға қатыспаған жаңа серіктестер бар.
Шығарылымға байланысты табыс мөлшері инвестициялық рейтингі ұқсас елдердің барлық 5 жылдық егеменді еурооблигациясы арасында ең төмен болғанын айта кетейін. Сонымен қатар ол Польша, Қатар және Сауд Арабиясы сияқты жоғары рейтингі бар кейбір елдерге қарағанда да төмен болды. Бұл – біздің алған бағыт пен макроэкономикалық саясаттың тұрақтылығына деген сенімнің белгісі.
Орналастырылған еурооблигациялар Лондон қор биржасында, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында (AIX) және Қазақстан қор биржасында (KASE) листингтен өтеді. Бұл халықаралық және жергілікті инвесторларға қажетті құралдың кең қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан әлемдік қаржы аренасында сенімді әрі жауапты серіктес ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастырып келеді. Біз орнықты экономикалық өсімді және елімізге деген сенімді нығайтуды қамтамасыз етіп, тұрақты бюджет саясаты қағидаттарын ұстануды жалғастырамыз.
- 24.10.2025
- 19


