- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Асхат Шахаров Самара – Шымкент трассасындағы қайғылы жол апатына байланысты жағдайды өз бақылауына алды
Самара – Шымкент автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 адам қаза тапты, түрлі дәрежедегі жарақат алған алты адам Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жағдайды бағамдау және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін оқиға орнына барды.
«Қайтыс болған жандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бұл — бәріміздің жанымызға ауыр тиген, орны толмас қаза. Қазір ауруханада зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оларға және қайтыс болған марқұмдардың отбасыларына барлық қолдау мен көмек беріледі.
Оқиға орнында тиісті қызметтер мен мамандар жұмыс істеп жатыр. Туыстарына психологиялық және әлеуметтік көмек ұйымдастырылды. Бұл жағдай менің жеке бақылауымда болады», – деді өңір басшысы.
Самара – Шымкент автожолының Хромтау қаласы мен Қарабұтақ ауылы аралығындағы учаскесінде жеңіл көлік түрлері үшін қозғалыс ашық, жүк көліктеріне уақытша шектеу бар.
ТЖД базасында жедел штаб құрылды, психологиялық қызметтің жедел желі телефоны жұмыс істеп тұр: 8 (7132) 54-86-82.
- 24.10.2025
- 28
 
                 
                                

