- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Тұрғындардың көптен күткен жолы: «Жақсы – Державинск» жаңа асфальт төселді
Жарқайың ауданында облыстық маңызы бар «Жақсы –Державинск» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл учаске соңғы рет он жылдан астам уақыт бұрын жөнделген, бүгінде жол жамылғысы мен көпір өткелін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Жөндеу 101,5-тен 142,63 шақырымға дейінгі, жалпы ұзындығы 41 шақырымнан асатын бөлікте жүзеге асуда. Жұмыстар 2024 жылы басталып, биыл да қарқынды жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде трассаның бір бөлігіне жаңа асфальт төселіп, жол жиегін нығайту және көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл – аудан тұрғындары көптен күткен жолдардың бірі. Күн сайын осы бағытпен көлік қатынайды, және бүгін оның нақты өзгерістерін көруге болады», – деді Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Мұкашев Ербол Сәкенұлы.
Аудан басшылығының айтуынша, жолдың жаңаруы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады және жолға кететін уақытты қысқартады. Өзгерістерді жергілікті халық та сезіне бастады.
«Бұл жолмен күнде жұмысқа, ауруханаға, аудан орталығына барып келеміз. Бұрын, әсіресе ауа райы бұзылған кезде жүру қиын еді. Қазір жол әлдеқайда жақсы және қауіпсіз болып қалды», – деді Далабай ауылының тұрғыны Берік Сейтғалиев.
Жөндеу жұмыстары Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бақылауында жүргізілуде.
Жарқайың ауданында көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда.
Республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» автожолының 445–490 шақырым аралығында орташа жөндеу аяқталды. Бұл жол сапасын жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттырды.
Сонымен қатар, Державинск қаласында көше-жол желісі жаңартылып, жаңа асфальт жамылғысы төселді, жол белгілері мен светофорлар орнатылды, жол таңбалары сызылды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Отрадное және Кенское ауылдарында ұзындығы 3 шақырымнан асатын жолдар жөнделуде.
- 04.11.2025
- 17


