- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
ҚР Қаржы министрлігінің цифрлы трансформациясы
Цифрландыру – экономика мен мемлекеттік басқаруды дамытудың маңызды құралдарының бірі. Өйткені жаңа сервистер азаматтар мен бизнеске қызметтердің ашықтығын арттырып, тиімділік пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Қаржы министрлігі қаржы жүйесінің инфрақұрылымын жаңғырту мен озық технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.
Былтыр Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық жүйесіне тәуелсіз IT-аудит жүргізілді. Оның нәтижесінде қазір 14 бытыраңқы жүйені 5 заманауи платформа алмастырып, жұмыс істеп тұр: Smart Data Finance, СӘИЖ, ТБЖ, ЭШФ және Keden жүйесі. Бұл шағын сервистік архитектураға көшуге, жасанды интеллектіні енгізуге және деректерді жылдам өңдеуге жол ашты. Мысалы, Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі бұрын ұзақ уақытқа созылатын операцияларды санаулы минуттарда орындайды.
Smart Data Finance – 74 көзден алынған деректерді біріктіріп, ЖИ негізінде бюджет кірістеріне болжам жасауға септсетін технология. Ал «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» арқылы шынайы уақыт режімінде салықтардың қайда-қанша түсетінін көруге болады. Бұл дегеніміз, «ақшаны көріп» қана қоймай кез келген ауытқуға уақтылы жауап беруге болатынын аңғартады.
Мәліметтердің қайталануы мен сәйкессіздіктерді болдырмау мақсатында Тауарлардың ұлттық каталогы әзірленді. Бұл 15 млн-дай тауар туралы мәліметтер қамтылған мемлекеттік база. Мұнда әр тауардың бірегей цифрлы идентификаторы болады.
Аталған деректер базасында бюджетті жоспарлауға көмектесетін әрі жылына 200 млрд теңгеге дейін қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін баға мониторингінің жаңа жүйесі жолға қойылды.
Бұдан бөлек Keden жүйесі кедендік рәсімдерді толығымен автоматтандыруға оң әсер етті. Енді барлық процес ашық, ал қажетті шешімдерді қабылдауға жасанды интеллект қолғабыс етеді. Бұл өткізу пункттеріндегі жұмыс процесін жылдамдатып, бизнеске түсетін жүктемені азайтады.
Сол секілді Baqylauda және Tapsyru цифрлы қызметтері де іске қосылды. Baqylauda –мемлекеттік қолдаудың барлық түрін қамтитын біртұтас деректер базасы. Tapsyru – мемлекеттік мүлік маркетплейсі, мұнда ведомстволар өздеріндегі ресурстармен онлайн түрде алмаса алады. Бұл бюджетті тиімді басқарып, миллиардтаған теңгені үнемдеуге септеседі.
Онлайн-мониторинг жүйелері қазірдің өзінде млрд теңгеге тәуекелді төлемдердің алдын алып жатыр. Мәселен, мемлекеттік органдардың цифрлы бейіні құрылып, онда бір тереза арқылы кіріс пен шығысты, тиімділік пен тәртіп деңгейін байқауға болады. Енді жасанды зерденің көмегімен бюджеттің орындалуын 95% дәл болжауға болады.
Сонымен қатар салықтан бастап сатыпалымға дейінгі министрліктің барлық мемлекеттік порталын біріктіретін Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті іске қосылды. Осы жүйеде қарастырылған ЖИ-көмекшісі болашақта кәсіпкерлерге жеңілдіктер мен қолдау шаралары бойынша қажетті кеңес беретін болады.
Түйіндейтін болсам, бұл технологиялар деректерді жедел талдап, кіріс-шығысқа болжам жасап, сондай-ақ шығындарды азайту мен мемлекеттің бизнеспен өзара іс-қимылын жайлы етуге әсер етеді.
- 07.11.2025
- 13


