- Блогтар
- Сәденов Е.С.
Сәденов Е.С.
ҚР Ішкі істер министрі
ІІМ-де дәстүрге айналған азаматтарды онлайн қабылдау өтті
Министр Ерлан Тұрғымбаев 20-дан астам адамды қабылдады. Бұл Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары.
"Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен ашық диалог жүргізуді талап етеді. Бұл - қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының басты тетігі", - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар, адамдар министрлікке жүгінуді жалғастыруда, бұл жергілікті полицияның өтініштерді қараудағы, азаматтардың нақты мәселелерін шешудегі олқылықтарын және олардың қабылдаған шараларға наразылығын көрсетеді.
Жергілікті жерлерде мәселесі шешілмеген кезде азаматтар БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр. Алматы облысы Шамалған станциясының тұрғыны Юлия Черкасская да осылай жасаған. Бұған дейін ол "Tengrinews" редакциясына жүгінген, өйткені ол бірдей VIN коды бар тағы бір көліктің кесірінен өз көлігін пайдалана алмай қалған.
Ерлан Тұрғымбаев ақпарат агенттігінде жарияланған мақаланы оқығаннан кейін мән-жайларды анықтап, мәселені шешуді тапсырғанын атап өтті. Анықталғандай, ұқсас автомобильдің иесі ауысқан кезде құжаттарды ресімдеуде қате жіберілген және өтініш иесінің автокөлігі автоматты түрде деректер базасынан алынып тасталған.
Ю.Черкасская “Мен көп рахмет айту үшін қабылдауға жазылдым. 15 ай бойы шындыққа қол жеткізе алмадым. Бұл мәселені бір апта ішінде шешу мен үшін үлкен қуаныш", - деп Министрге алғыс білдіріп, сонымен қатар Карайсай ауданының тұрғындарына қатысты тағы бір проблема туралы айтты.
Ол 2019 жылдың қыркүйегінде пойыз бен жолаушылар автобусының қатысуымен болған ірі жол-көлік оқиғасы орын алған теміржол өткеліндегі жағдай туралы баяндады.
"Күн сайын сағат кешкі 6-дан 8-ге дейін екі минут ішінде өтуге болатын жерде бір жарым-екі сағат кептелісте тұрамыз. Себебі адамдар жол жиегінен, қарсы жақтан шығып, жол ережесін бұзады. Полиция мұны бақылаған кезде ешқандай проблемалар болмайды, олар кептелісті реттеп, ол жерден 10 минутта өтуге болады. Ал полицейлер болмаған кезде, ретсіздік орын алады, бұл - бүкіл ауылдың проблемасы. Көпір салынып жатыр, бірақ әзірге көпір жоқ кезде, проблема орын ала бермек", - деді Ю. Черкасская министрге.
Ерлан Тұрғымбаев облыстық полиция департаментінің басшылығына жол өткелінің құрылысы аяқталғанға дейін осы қауіпті учаскеге патрульдік экипаждарды мерзімді түрде қоюды тапсырды.
ІІМ басшысы не себепті ай сайын азаматтарды қабылдайтынын айтты: "Азаматтарды қабылдау – бұл бөлім басшыларының халықпен қалай жұмыс істейтінін, адамдарға қалай көмектесетінін, олардың конституциялық құқықтарын қалай қорғайтынын көру мүмкіндігі. Әрбір қабылдаудың нәтижесі бар. Менің тапсырмаларымның қалай орындалатынын жеке бақылаймын", - деді министр.
Азаматтарды қабылдау нәтижелері бойынша министр өңірлік департаменттер бастықтарынан өңірдің әрбір тұрғынының проблемаларын мұқият зерделеуді және олардың құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді талап етті.
Ерлан Тұрғымбаев өтініштерді тиісті деңгейде қарауды және халықтың шағымдарына ден қоюды қамтамасыз етпеген департаменттердің басшылығына лауазымдардан босатуға дейінгі шаралар қолданылатыны туралы ескертті.
- 18.03.2021
- 378