- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарым барысында Көксарай су реттегішінің жұмысымен таныстым.
Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК жергілікті филиалы нысанда ауқымды механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда нысанның жоғарғы және төменгі бөліктерінен 60 мың текше метр құм мен қиыршық тас шығарылды.
Бұл жұмыстар Көксарай су реттегішінің өткізу мүмкіндігін жақсартып, Қызылорда облысына суды тиімді жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатыр. Тазалауға 28 арнайы техника тартылған. Оның жартысы Қызылорда филиалынан жеткізілген. Жұмыстар желтоқсан айының ортасына дейін, яғни нысаннан су жібергенге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Көксарай су реттегішінің жоғарғы бөлігінде ұзындығы 2,5 шақырым болатын аумақта геомембрана төсеу арқылы сүзілуді азайту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл су шығынын азайтып, су реттегіште қосымша 200 млн текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарға 10 арнайы техника жұмылдырылған.
Нысанның жұмысымен танысқаннан кейін «Қазсушардың» Түркістан филиалына сүзілуді азайту шараларын Көксарай су реттегішінің басқа учаскелерінде де жалғастыруды тапсырдым.
Қосымша жұмыстарды орындауға уақыт жеткілікті. Қазір ауа райы қолайлы, сондықтан қосымша бір-екі учаскеде геомембрана төсеуге болады. Министрлік филиалға қажетті техниканы бөлді, барлық материал жеткілікті. Көксарай су реттегішінің кешенді реконструкциясы басталғанға дейін оның жұмыс тиімділігін барынша арттыру қажет.
Көксарай су реттегішінің су жинау тиімділігін ұзақ мерзімге қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ұзындығы 36,4 шақырым болатын бөгет учаскесінде 60 700 геошпунт орнату жобасын әзірлеп жатыр. Жоба жүзеге асқан соң, су қоймасы 3 млрд текше метрге дейін су жинай алады. Сондай-ақ реконструкция су тасқынының алдын алып, Солтүстік Аралға жіберілетін судың көлемін арттырады.
- 10.12.2025
- 8


