- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барып, өңірде іске асырылып жатқан жобалардың барысымен таныстым. Қазіргі уақытта облыста 200-ден астам ауылды ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған тоғыз жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ең алдымен Көкшетау топтық су құбырынан Айыртау және Шал ақын аудандарындағы 24 ауылға дейін ұзындығы 220 шақырым болатын су тарту жүйесінің құрылыс жұмыстарымен таныстым. Бұл жоба аяқталуға жақын, мердігер ұйым негізгі жұмыстың барлығын орындады. Қазір нысанды пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігі үш жаңа ауызсу жүйесін іске қосқанын еске сала кетейін. Нәтижесінде 22 мың адам тұратын СҚО-ның төрт ауданындағы 42 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Оған қоса, Булаев топтық су құбырынан Тайынша және Ақжар аудандарындағы елді мекендерге дейін су тартуды көздейтін екі жоба жоспарланған мерзімінен 1,5 жыл бұрын толық аяқталды.
Есіл ауданында Преснов топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстым. Жоба аясында негізгі құрылысжайларды реконструкциялау, ұзындығы 171 шақырым болатын магистральдық құбырлар мен тармақтарды жаңарту және салу, 52,6 шақырым тарату желілерін жүргізу, сондай-ақ 15 қысым реттеу және су тарату алаңдарын салу көзделген.
Жобаның нәтижесінде облыстағы 15 ауылдың тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Бұл ауылдарда шамамен 21 мың адам тұрады. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 170 шақырым су құбыры мен оның тармақтары тартылған, негізгі нысандардағы жұмыстардың 73%-ы орындалды. 13 ауылдағы жұмыстар аяқталуға жақын, ал төрт ауылға сынақ түрінде су беріле бастады.
Қызылжар ауданында Соколов топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарымен таныстым. Қазіргі уақытта жоба қамтитын 10 ауылдың барлығында жұмыс жүргізіліп жатыр. 59,6 шақырымның 57,6 шақырымы бойынша су тарту тармақтары, ал 77,7 шақырымның 76,2 шақырымы бойынша тарату желілері салынды. Үш ауылға сынақ режимінде су беріле бастады. Бүгінде тарату желілерін, су құбыры құрылыстарының алаңдарын және су тарату пункттерін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы халықты сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан барлық жобаны уақытылы әрі сапалы орындау үшін бар күшті салу қажет. Министрлік өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ауқымды жобаларды сапаға нұқсан келтірмей, мерзімінен бұрын аяқтауға болады.
Іссапар кезінде Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылындағы қорғаныс бөгетін жөндеу барысымен де таныстым. Ұзындығы 5 шақырым болатын нысанда бөгетті нығайту, топырақ жеткізу және темірбетон плиталарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаны осы жылдың желтоқсан айының басына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ ұзындығы 4,6 шақырымнан асатын Тепличное ауылының қорғаныс бөгетінде де осындай жұмыстар атқарылып жатыр.
- 10.12.2025
- 4


