- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
«Қолайсыз ауа райында барлық қызмет жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі тиіс» - Асхат Шахаров
Ақтөбе облысында демалыс күндері қолайсыз ауа райы сақталып, республикалық және облыстық маңызға ие автожолдарда қозғалыс шектелген-ді. Сәйкесінше, жолаушылар мен көлік жүргізушілері жылыту пунктеріне орналастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен тегін қамтылды.
Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Төтенше жағдайлар және Полиция департаментінің басшылары, бірқатар аудан әкімдері, «Қазавтожол» мекемесінің басшысы өткен тәулікте атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қахарман Оразалиннің сөзінше, Ақтөбе облысының ТЖД базасында тиісті қызметтердің қатысуымен облыстық жедел штаб құрылды. «Жедел желіге» 54 қоңырау түсті. Халықты хабардар ету мақсатында СМС-хабарламалар мен «Darmen» мобильдік қосымшасы арқылы ақпарат таратылып, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік бойынша ұсынымдар берілді.
Нәтижесінде құтқарушылар қар құрсауында қалған 7 адамды құтқарды. Сонымен қатар 80 адам эвакуацияланып, жылыту пункттеріне жеткізілді.
Облыс аумағындағы тас жолдарда енгізілген шектеулерге байланысты блок-бекеттер мен жол бойындағы кемпингтерде барлығы 2625 автокөлік жиналған. Оның ішінде 2075 жүк көлігі, 23 жолаушылар автобусы және 518 жеңіл автокөлік бар.
Оқиға орындарында патрульдеу, жылыту пункттерін ұйымдастыру, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз ету, қар тазалау және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға барлығы 201 адам мен 95 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖД, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «ЖТжАДБ» ММ және полиция департаментінің күштері тартылды.
«Қазіргі таңда Қарабұтақтан Қызылорда өңіріне дейін жол ашылды. Ақтөбеден Хромтауға дейін жабық, ол жерде 180-дей автокөлік тұр. Егер жол ашылмайтын болса, Қарғалы ауданындағы жол арқылы 40 шақырымды айналып өтуге мүмкіндік бар. Полицейлер Қарабұтақтан Қызылордаға және Қостанай бағытына бет алған автокөліктерді ілестіре отырып, жеткізеді. Ақтөбеге қарай жол тазалағаннан кейін барлық көлік түрі үшін ашамыз», - деді Полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов.
Ал «Қазгидромет» мекемесінің мамандары алдағы ауа райы болжамын ұсынды. Айгүл Сайымова боран басылатынын, 19-20 желтоқсан күндері күн қайта жылитынын мәлімдеді.
Өңір басшысы Асхат Шахаров қандай жағдай болмасын, ауа райы қолайсыздығында азаматтардың қауіпсіздігі басты орында екенін алға тартты. Ол синоптиктер ұсынған ауа райы болжамын негізге ала отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету бойынша тиісті қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ техника мен жеке құрамның әзірлігін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
«Біз үшін әрбір тұрғынның қауіпсіздігі маңызды екенін еске саламын. Қала және аудан әкімдері, тиісті қызметтер елді мекендердегі автомобиль жолдары, әлеуметтік маңызы бар нысандар және инженерлік-коммуникациялық желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қар тазалау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылдау керек. Сондай-ақ полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалына аса қауіпті жол учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, жолдарды тазалап ұстау және инертті материалдарды уақытылы себуді қамтамасыз етуді тапсырамын», - деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.
Қазіргі уақытта аймақтағы ахуал - бақылауда, жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
- 15.12.2025
- 8


