- Блогтар
- Байбазаров Н.С.
Байбазаров Н.С.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылғы жұмысын қорытындылады
18 наурызда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың және ҚР Парламенті депутаттарының қатысуымен Ұлттық экономика министрлігінің алқа отырысы өтті. Министрлік қызметінің қорытындылары туралы негізгі баяндаманы ведомство басшысы Әсет Ерғалиев жасады.
2020 жылды қорытындылай келе, министр халық пен бизнесті қолдау үшін көптеген шара қабылданғанын атап өтті. 2020 жылғы коронадағдарыс кезінде Министрлік қызметінің барлық бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Салықтық жүктемені едәуір төмендетуге және қаржыландыруды арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакеті іске асырылды.
Ә.Ерғалиевтің айтуынша, 2020 жылы енгізілген мораторийдің нәтижесінде тексеру барлық бизнес субъектісі бойынша 4,6 есе, шағын және микробизнес бойынша 7 есе азайды.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша ШОБ субъектілерін субсидиялау мерзімі 5 жылдық кредит мөлшері 7 млрд теңгеге артты, сондай-ақ салалық шектеулер алынып тасталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кредиттеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге көбейді. Субсидиялау мерзімі 10 жылға дейін ұзартылып, тауар мен көрсетілетін қызмет тізбесі кеңейтілді. Сондай-ақ кепілдік беру құралы жақсартылды.
Бизнес-ахуалды жақсарту жөніндегі заңнамалық түзетулердің 8-топтамасы қабылданды. Қазақстан Дүниежүзілік Банктің «Doing business» рейтингінде 3 орынға көтеріліп, 192 елдің арасында 25-орынға ие болды.
«Қабылданған шаралар 2020 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесінің 30,5%-ке дейін өсуін қамтамасыз етті», - деп атап өтті Ерғалиев.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз етуге арналған кепілдікті трансферттің нысаналы сипатын бекітуді көздейтін Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту жөнінде шаралар қабылданды. Жекешелендірудің 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталып, 736 ұйымды бәсекелі ортаға шығаруды көздейтін 2025 жылға дейінгі жаңа жоспар әзірленді.
Ерғалиевтің дерегінше, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,9%-ке қысқарды.
Тарифтік саясатта тұрғындарға арналған тарифтердің өсуін тежеу бойынша уақтылы шаралар қабылданды.
«Ағымдағы жыл басында тұрғындарға арналған тарифтің өсуі орташа -0,4%-ке тежелді. Оның ішінде, сумен жабдықтау 0,34%-ке, жылумен жабдықтау 3,75%-ке, су бұру 1,37%-ке және электрмен жабдықтау 3,92%-ке төмендеген. Бұдан басқа, 2020 жылы ТЖ мен карантин кезінде республикада тұрғындарға арналған тарифтер орташа есеппен, 7,4%-ке азайды. Халықтың жалпы үнемдеуі бір айда шамамен 1 млрд теңге», - деді ҰЭМ басшысы.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік инвестиция тартудың бір құралы. 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін 1,5 трлн теңге сомасындағы 863 МЖӘ жобасы жасалды. 2020 жылы МЖӘ жобасы 2018 жылғы деңгейден 86%-ке өсті», - деді Ә.Ерғалиев.
Экономикалық ведомство басшысының айтуынша, 2020 жылы ірі қалалардың төңірегіндегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша шаралар қабылданған. 23 млрд теңге сомасындағы 49 жоба іске асырылды. 112 шақырым автожол, 1 мың шақырым инженерлік желі, сондай-ақ 11 әлеуметтік нысан салынды. 19 моноқала мен 7 шағын қалада 670 жұмыс орны құрылып, 200 шақырым жол мен инженерлік желі жаңғыртылды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 90 млрд теңге сомасындағы 986 жоба іске асырылды. «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша өткен жылы 8,8 мың маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 5 мыңы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
2020 жылы салық заңнамасына бизнесті қолдау мақсатында бірқатар өзгеріс, соның ішінде мүлік салығын төлеуден босату енгізілді. Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығынан босатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын сату мен импорттау үшін ҚҚС мөлшерлемесі 12%-тен 8%-ке төмендетілді.
«Кәсіби және ықшам мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жұмысы жалғастырылды. Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Жергілікті басқаруды жетілдіру шарасы іске асырылды», - деді ведомство басшысы.
Өз кезегінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары министрліктің алдында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және басқарылатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту міндеті тұрғанын атап өтті.
«Ауыл ел-бесігі» жобасы шеңберінде ауылды жаңғырту, қалалардың шеткі аудандарын инженерлік желімен және әлеуметтік нысанмен қамту, шағын және моноқалалардағы жол мен коммуналдық желіні салу мен қайта жөндеу және басқа да барлық іс-шараның іске асырылуына тиісті бақылау жүргізу қажет. Теңгерімді аумақтық даму шеңберінде өңірлермен бірлесіп, өңірдің де, тұтастай елдің де экономикалық белсенділігінің негізі болатын жаңа «өсу жерлері» мен «экономикалық дәліздерді» дамыту жұмысын жандандыру талап етіледі», - деді Әлихан Смайылов.
- 20.03.2021
- 239