- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
2025 жылы Ақтөбе облысында газдандырылған ауылдар саны 31-ге жетті
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірді газдандыру жұмыстарының қорытындылары шығарылды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың мәліметінше, биыл халқы 12,9 мың адамды құрайтын 31 ауыл газдандырылды. Бүгінде облыстағы 319 елді мекеннің 203-іне көгілдір отын тартылған, онда 900,7 мың адам тұрады. Халықты газбен қамту деңгейі - 97%. Газдандыру көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы республикада 6-орында тұр.
Қазіргі уақытта 24 елді мекенді газдандыруға арналған жалпы құны 14,5 млрд теңгенің 18 жобасы, сондай-ақ 5 ауылды газдандыруға арналған 3 жоба әзірленуде. Сонымен қатар 2026–2028 жылдарға арналға республикалық және облыстық бюджеттерді қалыптастыру үшін жаңа жобалар бойынша қосымша өтінімдер берілді. Толық қаржыландырылған жағдайда бұл 210 елді мекен немесе 903,7 мың адамды газбен қамтуға мүмкіндік береді, бұл облыс халқының 97,4 пайызын құрайды.
Жиында өңір басшысы үздіксіз жылыту маусымын қамтамасыз ету қажеттігіне де назар аударды. Асхат Шахаров жылыту жүйелері, инженерлік желілер және отын қорларының тұрақты жұмысын, әсіресе әлеуметтік нысандарда, көпқабатты тұрғын үйлерде және шалғай ауылдарда қатаң бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Газдандыру қарқынын сақтау және барлық жобаның орындалу сапасын қатаң бақылау қажет. Көгілдір отын тартылған елді мекендерде тұрғындардың нақты газға қосылуын қамтамасыз ету керек. 2026–2028 жылдарға арналған жобаларды дайындауға және шалғай ауылдар үшін нақты шешімдер әзірлеуге айырықша көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен қатар жылыту маусымын бақылау бойынша жүйелі жұмысты жолға қойып, туындайтын тәуекелдерге дер кезінде әрекет ету қажет. Ауылдарды газдандыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыты болып қала береді және тұрақты бақылауда болады», – деп атап өтті облыс әкімі.
- 22.12.2025
- 5


