- Блогтар
- Сәденов Е.С.
Сәденов Е.С.
ҚР Ішкі істер министрі
Маңғыстау облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе елді мекеніндегі №13 мектеп-гимназиясында "Жас сақшы" полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы С.Аяғанов қатысып, оқушыларды құттықтап, жаңа сыныптың лентасын қиды.
Іс-шараға мектептің 6-сынып оқушылары мен педагогикалық ұжым қатысты. Арнайы ашылған полиция сыныбында оқушылар жалпы білім беру пәндерімен қатар құқықтық сауаттылық, әскери-патриоттық тәрбие және алғашқы әскери дайындық бағыттары бойынша қосымша білім алады. Жоба аясында жасөспірімдерге ішкі істер органдарының қызметі, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы, тәртіп пен жауапкершілік ұғымдары кеңінен түсіндіріліп, болашақта Отанға адал қызмет етуге рухани бағыт беріледі. Бұл бастама оқушылардың құқықтық мәдениетін арттырып, оларды қоғамға пайдалы, саналы азамат ретінде қалыптастыруды көздейді. Іс-шара барысында ішкі істер саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған ардагер, Мұнайлы ауданы полиция бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Корабай Бокушовтың есімі ардагерлер бұрышына қойылды. Оның өмір жолы мен еңбегі жас ұрпаққа үлгі ретінде таныстырылды. Салтанатты шараға ардагердің туыстары мен әріптестері де қатысты. "Жас сақшы" полиция сыныбы – оқушыларға тек білім берумен шектелмей, әскери-патриоттық тәрбие мен құқықтық сауаттылықты қатар дамытуға бағытталған арнайы жоба. Бағдарлама аясында олар ІІМ құрылымы, полиция қызметінің ерекшеліктері, алғашқы әскери дайындық және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер бойынша теориялық және практикалық білім алады. Бұл бастама – болашақ полиция қызметкерлерін тәрбиелеуге жасалған алғашқы қадам әрі жас ұрпақты елге адал қызмет етуге ынталандыратын маңызды жобалардың бірі.
- 22.12.2025
- 6


