- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбе өңірінің оқушыларына арналған Президенттік шырша өтті
Ақтөбеде өңір оқушыларына арналған дәстүрлі Президенттік жаңажылдық шырша ұйымдастырылды. Жекпе-жек сарайында облыс әкімі Асхат Шахаров қала мен аудандардан келген 180 баламен бірге басты жаңажылдық шыршаның шамын жақты.
Аймақ басшысы балаларға жаңажылдық құттықтауын арнады.
«Жаңа жыл – барлық бала асыға күтетін ерекше кезең. Ол қуаныш, арман және ізгі үміттер сыйлайды. Сіздерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын зор қуанышпен жеткіземін және осындай дарынды, қабілетті оқушылармен кездескеніме қуаныштымын», – деді өңір басшысы.
Залда шын мәнінде жылы атмосфера орнап, сиқырлы сезім мен жаңажылдық ғажайыпты қуана күткен көңіл күй сезілді. Бұл шара қысқы мерекелер легінің жарқын бастамасына айналды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның сөзінше, Президенттік шырша өңірдің түкпір-түкпірінен келген балаларды біріктіретін, игі дәстүрге айналған шара.
«Бұл іс-шара, соның ішінде ерекше өмірлік жағдайдағы оқушыларды қолдауға, жағымды көңіл күй қалыптастыруға және жақсылыққа деген сенімді нығайтуға бағытталған. Биыл Ақтөбе облысының қала-аудандарынан 180 бала қатысты», – деді ол.
Салтанатты кеш әсем безендірілген театрландырылған қойылыммен ашылды. Онда классикалық ертегі кейіпкерлері заманауи образдармен шебер үйлестірілген. Көрермендер бір сәтке сиқырлы қала әлеміне еніп, бір сахнада Алдар Көсе, Олафф, Мыстан кемпір, Интернет ханымы, Жасанды интеллект, сондай-ақ Жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз ата мен Ақшақарды тамашалады. Қойылымның жарқын сәті - жаңа ертегі кейіпкері Алтын Тұяқтың пайда болып, балаларға шынайы эмоция мен күлкі сыйлауы.
Бағдарламада би және музыкалық нөмірлер, интерактивті ойындар, басты шыршаны айнала айтылған әндер және оның шамын салтанатты жағу сәті болды. Осы әсерлі мезетте залды қол шапалақ пен балалардың шат күлкісі кернеді.
Президенттік шырша балаларға жарқын әсер, шынайы қуаныш және жаңажылдық ғажайыпқа деген сенім сыйлады.
- 26.12.2025
- 4


