- Блогтар
- Байбазаров Н.С.
Байбазаров Н.С.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы конституциялық заң жобасы жарияланды
ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын әзірледі. Құжат жеке құқықтық және экономикалық режимі, дербес басқару және инвестициялау жүйесі, сондай-ақ бизнес үшін ұзақмерзімдік кепілдігі бар озық дамудағы жаңа қала құрудың негізін қалайды.
Жобаны халықаралық консалтингтік компанияларды қатыстыра отырып дайындау кезінде Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, Рас-эль-Хекма секілді ақылды қалалардың, арнайы экономикалық аймақтар мен ерекше юрисдикциялардың үздік мысалы, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі зерделенді.
Талдау нәтижесінде Алатау қаласының бәсекеге қабілетті, ұғынықты, технологияға бағдарланған ортаны қалыптастыруға арналған конституциялық заң жобасы жасалды. Құжатта мынадай мәселелер қарастырылған:
Қаланы басқарудағы ерекше режим;
халықаралық құрылыс стандарттарын, техникалық регламенттерді, сертификаттау рәсімдері мен технологиялық нормаларды қолдану;
жоғары білікті шетелдік мамандарды тартудың жеделдетілген және басым жүйесі;
салық салу және бюджеттік қатынастың ерекше режимі;
инвестицияны қорғау және капитал қозғалысының ашық тәртібі;
инвестициялық жобаларға жер берудің жеңілдетілген рәсімі;
цифрлық активтердің айналымын реттеу және т.б.
Осылайша, Алатау қаласын арнайы құқықтық режим мен басқару режимін, ерекше институционалдық ортаны, жеке қаржылық модельді, сондай-ақ әлемдік жетекші тәсілдер мен практикаларды қолдануды көздейтін «дербес экожүйе» ретінде дамыту көзделіп отыр.
Қаланы Премьер-Министрдің төрағалығымен Алатау қаласының кеңесі басқарады. Оған тәуелсіз мүшелер мен халықаралық сарапшылар міндетті түрде қатысады. Ол ашықтық пен кәсіби көзқарасты қамтамасыз етпек.
Алатаудың стратегиялық және қала құрылысын жоспарлау арқылы ұзақмерзімдік дамуы айқындалады:
30 жылға арналған тұжырымдамалық жоспар;
15 жылға арналған даму стратегиясы мен қала құрылысы жоспары.
Қаланың қаржылық моделіне ерекше назар аударылады. 2050 жылға дейін бюджеттік өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізгенше, Алатаудағы салықтық және салықтық емес түсім жоғары тұрған бюджеттің алып қоюына жатпайды.
Сондай-ақ инвесторлар сенімінің жоғары деңгейін қалыптастыру үшін құқықтық тұрақтылықты сақтайтын өз актілері мен лицензияны қосқанда, дербес реттеушілік қамтамасыз етілмек.
Жобаның тағы бір бағыты цифрландыру. «Бірыңғай терезе» тетігі арқылы бизнеске арналған мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа толықтай ауыстырылмақ.
Конституциялық заң жобасы тек Алатау қаласының озыңқы дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту қажет.
«Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заң жобасы жария талқылау үшін орналастырылған: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15728988
- 26.12.2025
- 4


