- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Журналистермен баспасөз кездесуін өткіздім. Іс-шарада БАҚ өкілдеріне 2025 жылдың қорытындылары туралы айтып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар және Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің іске асырылу барысы жайлы баяндадым.
Биыл Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша 145 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар шамамен 300 нысанға арналған жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Қазіргі таңда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасын және Абай облысындағы Шар су қоймасын реконструкциялау толық аяқталды. Астана су қоймасын ауқымды тазалау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.
Биыл Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасының соңғы 58 жылда алғаш рет жүргізіліп отырған күрделі реконструкциясы аяқталады.
Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналында соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек-ата» су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Нысандарды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
Көксарай контрреттегішіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстар нысанның су жинау көлемін 2 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жыл қорытындысына сәйкес, жөндеу және реконструкциядан өткен 700 км-ден астам ирригация желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбырын пайдалануға беру жоспарда бар. Оның ішінде 32 мың тұрғыны бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылған.
Соңғы екі жыл ішінде Қазақстанның су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда министрлігіміз шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Екі жылда су үнемдеу технологияларын енгізу көрсеткіші бірнеше есеге артып, орта есеппен 150 мың гектарға жетті. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік ауданы жалпы 543,5 мың гектарға өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
Министрлік «Қазсушар» РМК филиалдары үшін 757 арнайы техника мен автокөлік сатып алу жұмысын бастады. Бүгінге дейін жоспарланған 757 техниканың 576-сы алынды.
Сонымен қатар 2028 жылға дейінгі Жол картасы аясында Қ. Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары басталды. Жұмыстарға 17 трансформаторды сатып алу, сондай-ақ 19 сорғы агрегатын жаңғырту және жөндеу кіреді.
Су саласын тартымды ету мақсатында «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысы биыл 1 шілдеден бастап 35-50%-ға артты.
Су шаруашылығы саласының 1000-нан астам маманы біліктілігін арттыру курстарынан өтті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Су саласы мамандықтарында оқитын студенттердің саны 2 731 адамды құрайды.
Осы шаралардың барлығы басты мақсатқа – су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануға қол жеткізуге бағытталған. Бұл біздің экономикамыздың тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ елдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды міндет.
Сондай-ақ брифингте вице-министр Аслан Абдраимов журналистерге Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеу барысы, суару суын жеткізу бойынша электрондық келісімшарттарды енгізу жүйесінің пилоттық сынақтары, сондай-ақ өзен ағысын модельдеу және болжау жүйелерін енгізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Негізгі бөлім аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бердім.
- 29.12.2025
- 8


