- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездестім.
Шу ауданында ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстым. Биыл жалпы ұзындығы 69,7 шақырымды құрайтын 15 каналды реконструкциялау жұмыстары аяқталып, олардың бойына 240 гидротехникалық құрылыс орнатылды. Сонымен қатар 55 бақылау ұңғымасы бұрғыланды. Қазіргі уақытта нысандарды пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тексеру барысында жергілікті тұрғындармен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу өткізіп, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырдым.
Ал Мойынқұм ауданында Фурманов гидроторабындағы жөндеу жұмыстарымен таныстым. Шу өзенінде орналасқан бұл нысан Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсатта су жіберуге арналған. Былтыр гидроторапта сегментті қақпа ауыстырылған болатын.
Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылында елдімекенге апаратын кіреберіс автожолдағы көпірдің құрылыс барысын тексердім. Ұзындығы 78,3 метрді құрайтын бұл нысан Шу өзенінің арнасы арқылы қауіпсіз әрі жылдам қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ұзындығы 120 шақырым, ені 30-40 метр болатын Фурманов айналма каналында 40 жылда алғаш рет жүргізілген механикалық тазалау жұмыстарының нәтижелерімен таныстым. Бұл жұмыстар биыл шілде айында басталып, 25 желтоқсанда аяқталды. Тазалау жұмыстарына 9 шынжыртабанды экскаватор және 2 тиегіш техника жұмылдырылды.
Механикалық тазалау Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек атты төрт елді мекеннің бойымен өтетін каналдың су өткізу қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Түркістан облысының Созақ ауданына су жіберу тиімділігі артады. Еске сала кетсем, өткен вегетацияаралық кезеңде экологиялық мақсатта Созақ ауданына Шу өзенінен 1,5 млрд текше метр су жіберілген болатын.
Қазіргі уақытта Мойынқұм ауданында Шу өзенінде реттеуші гидротехникалық құрылыс салу және өзен түбін тазалау жобасы әзірленіп жатыр.
Келесі жылға жасалған болжамдарды ескере отырып, облыстағы су шаруашылығы нысандарының барынша дайындығы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Қазіргі жағдайда суару мақсатында болсын немесе табиғатты қорғау үшін жүргізілетін су жіберулер болсын, суды дәл әрі әділ бөлу бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Сондықтан барлық құрылыс-монтаждау және тазалау жұмысын уақытылы аяқтауды көздеп отырмыз.
- 29.12.2025
- 5


