- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбе облысында жолдарды қысқы күтіп-ұстау шаралары күшейтілді
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңір аумағындағы жолдарды қысқы күтіп-ұстау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директорының міндетін атқарушы Ринат Оразғалиевтің мәліметінше, облыс аумағындағы ұзындығы 1 875 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдарда 143 бірлік арнайы техника жұмыс істейді, екі ауысым ұйымдастырылған, көктайғаққа қарсы материалдар қоры жасақталған, сондай-ақ ең проблемалы учаскелерде қар тоқтатқыш құрылғылар орнатылған. Қар қаупі жоғары және апатты аймақтарға, соның ішінде KAZ19 «Қостанай – Қарабұтақ» автожолы мен «Ақтөбе – Ұлғайсын» учаскесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа жылыту пункттері мен құм-тұз сақтау базалары қатты боран кезінде де жол қызметтерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр жергілікті маңызы бар автожолдарда қыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 4 440 шақырым, оның ішінде 1 265 шақырымы – облыстық, 3 175 шақырымы – аудандық маңызға ие. Оларды күтіп-ұстауға 44 кәсіпорын жауапты, 290 бірлік мамандандырылған техника дайындалған. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін 5 000 тонна көктайғаққа қарсы материал және 1 800 тонна дизель отыны қоры жасақталған.
Қысқы күтіп-ұстау аясында қар көп жиналатын ең проблемалы учаскелерде жалпы ұзындығы 98 км құрайтын жол бойына 5 000 метр жасанды тосқауыл орнатылған. Жедел бақылау және ауа райының қолайсыз жағдайларында тез әрекет ету үшін негізгі аудандардағы техника GPS-навигациямен жабдықталған. Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан бастап жол полициясы және төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен кезекшілік ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда қозғалысты шектеу немесе уақытша жабу шаралары қолға алынған.
Бұдан бөлек, жылыту пункттерін азық-түлікпен қамтамасыз ету, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай материалдарының тұрақты қорын сақтау шаралары қабылдануда. Барлық жұмыс - тұрақты бақылауда, бұл кез келген қолайсыз ауа райы жағдайларына уақытылы әрекет етуге, тәуекелдерді азайтуға және облыс тұрғындары үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін облыс әкімі жолдарды тәулік бойы патрульдеуді ұйымдастыруды, жылыту пункттерінің дайындығын бақылауда ұстауды, көшелер мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды тазалау жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ қолайсыз ауа райы туралы жүргізушілерді уақытылы хабардар ету үшін полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Көшелердің тазалығы мен қауіпсіздігі ауа райына емес, біздің жұмысымызды ұйымдастыруға және мердігер ұйымдардың жауапкершілігіне байланысты. Қар жауу – әрекетсіздікке сылтау болмауы тиіс, әрбір қызмет алдын ала жұмыс істеуге міндетті. Халық нақты нәтижені күтеді: жүріп өтуге қолайлы жолдар, тазаланған тротуарлар, мектептерге, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік нысандарға қауіпсіз кіреберістер. Қар тазалау, жол бөлігін аршу және қар шығару жұмыстары тұрақты түрде бақылауда болуы керек. Кез келген кешеуілдеу мен формализмге жол берілмейді», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
- 21.01.2026
- 4


