- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбе өңірінде туризмді дамытуға арналған жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асады
Өңірде туризмді дамыту мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында қаралды.
Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов аймақтың халықаралық туристік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
2025 жылы Ақтөбе облысына 233 мың турист келген. Оның ішінде шетелдік туристер саны 14 мың адамды құрады.
Өңір туристерге көптеген көрікті жерлерді ұсына алады: барлығы 46 туристік нысан бар. Оның ішінде сауықтыру туризміне арналған 3 санаторий-профилактикалық орталық және 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда: Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты, «Эбита», «Орқаш», «Көкжиде-Құмжарған», «Мәртөк», «Қобда», «Озерный», «Ойыл» қорықтары мен қорықшалары және басқа да нысандар.
Туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта «Досжан ишан Әзірет» мемориалдық кешеніне, «Қасқыр сарқырамасына» және «Абат-Байтақ» кесенесіне апаратын автомобиль жолдарының құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстарды 2026 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Жиын барысында шағын авиациялық пункттер салу мәселесі де талқыланды. Қазіргі таңда Байғанин ауданындағы «Ақтолағай» бор таулары аумағында шағын авиациялық пункт салу жобасы пысықталуда. Туристік нысан облыс орталығынан 446 шақырым қашықтықта орналасқан. Осындай жобаларды Шалқар және Ырғыз аудандарында да жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туристік нысандардың көлік қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Басқосуды қорытындылай келе, Асхат Шахаров туризмді дамыту өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Облыс әкімі шетелдік туристерді тарту жұмыстарын жандандыруды, басым туристік нысандарды республикалық деңгейде ілгерілетуді күшейтуді, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ автомобиль жолдары бойындағы сервистік нысандар санын арттыруды тапсырды.
«Өңірдің туристік әлеуетін толық ашу үшін экотуризмді, мәдени-танымдық және сауықтыру туризмін дамыту қажет. «Ақтолағай» бор таулары, Ырғыз-Торғай табиғи резерваты және Абат-Байтақ кесенесі сияқты бірегей туристік нысандарды республикалық және халықаралық деңгейде ілгерілету үшін нақты маркетингтік жоспар әзірлеуге ерекше назар аудару керек. Жеке инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлерді туристік бизнеске белсенді қатысуға ынталандыру қажет», – деді өңір басшысы.
Асхат Шахаров туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға, кадрлар даярлауға, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
- 26.01.2026
- 5


