- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбе облысында егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі талқыланды
Бұл мәселе облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.
Асқар Жүсібалиевтің айтуынша, 2026 жылы көктемгі дала жұмыстары 790 мың гектар аумақта жүргізіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 мың гектарға артық.
Майлы дақылдар 75 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 277 мың гектарға, картоп 3,5 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары 3,3 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.
Картоп пен көкөніс егістіктерін ұйымдасқан шаруашылықтар есебінен арттыру қажеттігі айтылды, себебі өнімнің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілуде.
Сонымен қатар бірқатар шаруашылықтарда бұршақ тұқымдас дақылдар алқаптарын кеңейту жоспарланып отыр, бұл топырақ құнарлылығы мен өнімділікті арттыруға ықпал етеді.
Көктемгі егіске 49 мың тонна тұқым қажет, оның 83%-ы дайын. Жетіспейтін көлемді толықтыру жұмыстары жүргізілуде.
Дала жұмыстарына 7 914 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, техника паркі 75% дайын.
«Кең дала-2» бағдарламасы аясында 5% мөлшерлемемен несие беру жалғасуда. Қазіргі таңда 1,5 млрд теңге несие беріліп, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге бөлінді.
2026 жылға 60 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыштардың құны 50%-ға дейін, ал отандық тыңайтқыштар үшін 60%-ға дейін субсидияланады. Аванстық субсидиялау арқылы фермерлер тыңайтқыштарды төмендетілген бағамен сатып ала алады.
Агротехникалық талаптарды орындамаған шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларынан айырылады.
Облыс әкімі жергілікті жерлердегі жұмысты жандандыруды, шаруашылықтармен бірлесе отырып минералдық тыңайтқыш енгізуді және көктемгі егіс науқанына дайындықты ұйымдастыруды, сондай-ақ егіс алқаптарының құрылымын сақтауды және картоп, көкөніс пен жоғары рентабельді дақылдар егістіктерін кеңейтуді тапсырды.
- 29.01.2026
- 5


