- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Түркістанда өткен қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының отырыстарына қатыстым. Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді талқыладық.
Атап айтқанда, «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Былтыр біз каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргіздік.
Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады.
Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келістік. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінде 10 автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын іске асыруды бастау жоспарда бар. Әр мемлекет аумағында бес-бестен нысан салынады.
Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеуді аяқтады.
Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру және Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларын атап өтіп, олардың өңірлік су ынтымақтастығын ұзақ мерзімді тұрғыда дамыту үшін ерекше маңызды екенін жеткіздім.
Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз өзбекстандық әріптестерімізбен бірге трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды.
Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз.
- 30.01.2026
- 6


