- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтіп жатқан «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысты. Үкімет басшысы жергілікті тұрғындармен бірге Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазалау және абаттандыру жұмыстарына қатысты.
Бірер күн бұрын Су ресурстары және ирригация министрлігі бастаған бұл акция қарқынды түрде кең қолдау тауып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде азаматтар ешқандай арнайы үндеусіз-ақ, өз еріктерімен сенбіліктерге шығып, елді мекендеріндегі бұлақ көздерін ашу және айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Мөлдір бұлақ» акциясы басталғалы бері маған қазақстандықтардан үнемі оң пікірлер келіп жатыр. Сондай-ақ еліміздегі су нысандарының тазалығына сөзбен емес, іс-әрекеті арқылы жанашырлық танытып жүрген азаматтардан сенбіліктерден түсірілген фото және бейнематериалдар да жиі келіп жатыр. Біздің бастамамыздың халық арасында осындай кең қолдау тапқаны қуантады.
«Мөлдір бұлақ» акциясының алғашқы кезеңіне қатысқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Енді сәуір айына жоспарланған келесі іс-шара республикалық деңгейде өтеді.
- 30.03.2026
- 9


