- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Құрметті достар!
Құрметті достар!
Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке бізге ең маңызды құндылықты еске салады – балаларға қамқорлық жасау, олардың амандығы мен жарқын болашағын қамтамасыз ету әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда әрбір баланың қаржылық капиталын қалыптастыруға бағытталған бірегей «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бұл бастама өскелең ұрпақты қолдауға және олардың табысты болашағына берік негіз қалауға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың жарқын үлгісі болып табылады. Бүгінде бағдарламаға 6,9 миллион бала қатысуда. Биыл олардың арнайы шоттарына 901,7 миллион АҚШ доллары есептелді, ал бір балаға тиесілі қаражат көлемі 130,71 АҚШ долларын құрады.
Бағдарлама іске асырылған үш жыл ішінде есептелген қаражаттың жалпы көлемі 2,3 миллиард АҚШ долларынан асты. Бағдарлама басталған сәттен бастап қатысып келе жатқан балалар үшін инвестициялық кірісті қоса есептегендегі жинақ сомасы 370,56 АҚШ долларына жетті.
Қазірдің өзінде жас қазақстандықтар жинақталған қаражатты білім алуға және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр. Бүгінгі таңда 297 мыңнан астам өтінім мақұлданды, оның ішінде 187 мыңнан астамы тұрғын үй мәселелерін шешуге, ал 110 мыңнан астамы білім алуға бағытталған.
Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы балаларымыздың болашағына қосылған маңызды үлес болып, олардың өмір жолын сенімді құруына, сапалы білім алуына және алға қойған мақсаттарына жетуіне көмектесетініне сенімдімін.
Осы мерекелі күні Қазақстанның барлық балаларына зор денсаулық, бақытты әрі алаңсыз балалық шақ, жаңа білім мен жарқын әсерлер, ең асыл армандарының орындалуын тілеймін. Әрбір бала сүйіспеншілікке, қамқорлыққа және ертеңгі күнге деген сенімге толы ортада өссін!
- 01.06.2026
- 4


