- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбе облысында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары талқыланды
Суға түсу маусымына дайындық және су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Дайындық жұмыстарының барысы туралы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин баяндады.
Өңірде жазғы маусымға арналған демалыс орындарын дайындыққа келтіру жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағында судағы демалысқа арналған 73 орын белгіленген. Қазіргі уақытта мамандар олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін кезең-кезеңімен тексеріп, пайдалануға болатынын не болмайтынын бағалап жатыр.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қауіпті учаскелерде 307 ескерту белгісі орнатылып, халықты ақпараттандыру және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қолға алынған.
Жазғы кезеңде облыс су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ТЖД қызметкерлері, полиция, әскери бөлімдердің өкілдері мен еріктілерді қоса алғанда шамамен 370 адам жұмылдырылады. Профилактикалық іс-шаралар өткізу, патрульдеу және жедел әрекет ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған арнайы техника пайдаланылады.
Мамыр айының соңында жағажайларда қызмет атқаратын құтқарушыларды оқыту жұмыстары жүргізілді. Балалардың қауіпсіздігіне де баса назар аударылуда. Білім беру ұйымдарында судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру және жүзуге үйрету мақсатында өңірде 85 модульдік қаңқалы бассейн жұмыс істейді.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, демалыс орындарының жағдайына тұрақты бақылау жүргізуді және халық арасында профилактикалық жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
«Жазғы суға түсу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері айырықша бақылауда болуы тиіс. Демалыс орындарының дайындығын, құтқару құралдарының, медициналық көмек көрсету бекеттерінің және ескерту белгілерінің болуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар халық арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Басты міндет – жазатайым оқиғаларға жол бермеу және облыс тұрғындарының қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету», – деді Асхат Шахаров.
- 02.06.2026
- 6


