- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қазақстан делегациясымен бірге Душанбе қаласында өткен «Тұрақты даму үшін су» (2018-2028 ж.ж.) халықаралық іс-қимыл онжылдығына арналған Төртінші жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияның пленарлық сессиясына қатыстым.
Мемлекеттің суға ұқыпты қарау мәдениетін дамыту, заманауи экологиялық сын-қатерлерге сай су заңнамасын жаңарту, су ресурстарын басқарудың озық технологияларын енгізу және өнеркәсіпте суды пайдалану тиімділігін арттыру бағытында қолға алған шаралары туралы айттым.
Сондай-ақ Қазақстанның су саласындағы өңірлік және халықаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған бастамаларына да тоқталдым. Оның ішінде халықаралық су құқығының қағидаттары мен нормаларына негізделген әрі өңір мемлекеттерінің практикалық ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу бастамасы бар.
Сонымен қатар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңызын атап өттім. Еске сала кеткем, биыл сәуір айында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында еліміз осы мәселе бойынша халықаралық консультациялардың алғашқы кезеңін өткізуді ұсынған болатын. Консультацияларға 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымнан шамамен 140 өкіл қатысып, бастама халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапты.
Душанбедегі су процесі - су қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды, сарапшылар мен даму жөніндегі серіктестерді біріктіретін маңызды алаң. Қазақстан су ресурстарын ұтымды пайдалану мен мұздықтарды сақтау мәселелерін ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалайды.
Өңірдегі қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері өзара ықпалдастықтың берік негізін қалыптастырып, тұрақты су пайдалануды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Сонымен бірге қазіргі сын-қатерлер қолданыстағы тәсілдерді одан әрі жетілдіру мен бейімдеуді талап етеді.
- 04.06.2026
- 6


