- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарым барысында Арал ауданының балықшыларымен кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айттым.
Мәселен, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылатын жобаның екінші кезеңі әзірленді. Ол Көкарал бөгетін реконструкциялауды көздейді. Бұл теңіздегі су деңгейін көтеріп, су көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізуге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.
Айта кетейін, 2025 жылғы 1 қазаннан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілді. Биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 40 текше метр су ағызылып жатыр.
Қазіргі таңда Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 млрд текше метр. Өткен жылмен салыстырғанда теңіз суының тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеп, 7,9 промиллеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында теңізден 4,2 мың тонна балық ауланды.
Кездесу барысында Арал ауданының балықшылары Арал теңізі мен өңірдегі өзге де балық шаруашылығы су айдындарын сақтау үшін су пайдалану лимиттерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді сұрады. Сондай-ақ балықшылар Сырдария өзеніне суды тиімдірек жіберу үшін Аманөткел су торабын немесе шлюз салуды ұсынды. Бұл су өткізу көлемін секундына 100 текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Су шаруашылығы комитетіне шлюз құрылысының жобалау-сметалық құжатын әзірлеуді тапсырдым. Сонымен қатар Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен үнемделген суды қоса алғанда, Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су жіберуді қамтамасыз етуді тапсырдым.
Одан кейін Ақлақ су торабында болып, Солтүстік Арал теңізін сумен толықтыру жұмыстарының барысымен таныстым. Секундына 515 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы бұл нысан Сырдария өзенінің сағасындағы бірнеше көл мен ірі жайылма алқаптарды да сумен қамтамасыз етеді.
Кейін Ақлақ су торабы маңындағы вахталық кенттегі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарының нәтижесімен таныстым. Бұл үйлер гидротехникалық нысанды тәулік бойы пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және күзету жұмыстарын атқаратын мамандардың қауіпсіз әрі жайлы тұруына арналған.
- 20.07.2026
- 6


