- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қызылорда облысының Сырдария ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім.
Кездесуде Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшылары өңірдегі су шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Жыл басынан бері Қызылорда облысында жалпы ұзындығы 71,5 шақырымды құрайтын 15 канал механикалық тәсілмен тазартылды. Сонымен қатар 29 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 26 жылдан кейін алғаш рет ұзындығы 16,5 шақырым болатын «Жетікөл» каналының учаскесі мен «Ақтам» каналының сағасы тазартылып, 6 гидротехникалық нысан жөнделді.
2025-2026 жылдары инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 33,3 шақырымды құрайтын «Келінтөбе» магистральдық каналының, Р-12 және «Құрайлы» каналдарының учаскелерін тазарту жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, 4 гидротехникалық нысанға кешенді жөндеу жүргізілді.
2026 жылғы вегетация кезеңіне Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы Қызылорда облысы үшін 3,25 млрд текше метр көлемінде су пайдалану лимитін бекітті. «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалы министрлік әзірлеген биллинг жүйесі арқылы өңірдің шаруаларымен су беру жөнінде 1010 электронды келісімшарт жасасты.
Бұл келісімшарттар 118 мың гектар егіс алқабын, оның ішінде 70 мың гектар күріш алқабын сумен қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінде филиал өңірдің ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін 2,23 млрд текше метр су алды.
Судың «қара нарығының» алдын алу мақсатында филиал қызметкерлері күн сайын егіс алқаптарын аралап, «Қазсушармен» келісімшарт жасасқан су тұтынушыларға судың жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Сырдария ауданы тұрғындарының суармалы жерлерге судың тұрақты жеткізілуі, су үнемдеу жүйелерін енгізу және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қатысты қойған сұрақтарына жауап бердім.
Кездесуден кейін «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Ремводпроект» өндірістік учаскесіне бардым. Онда филиал басшылығымен кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жетілдіру жоспарларын талқылап, өндіріс орнында еңбек етіп жатқан мамандармен әңгімелестім.
- 20.07.2026
- 7


