- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Түркістан облысына жұмыс сапарым аясында өңірдегі шаруалармен кездестім. Жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазсушар» РМК мамандарына суармалы жерлерді сумен уақытылы әрі тұрақты қамтамасыз еткені үшін алғыстарын білдірді.
Қазақстан бойынша 2026 жылғы вегетация кезеңінде 1,2 млн гектар жерді суару үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, бүгінгі таңда шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су беріліп, 1,16 млн гектар жер суарылды. Қазіргі уақытта вегетация маусымы аяқталу сатысына өтіп, қалыпты режимде жүргізіліп жатыр.
Шаруалармен кездесуден кейін «Достық» мемлекетаралық каналына барып, нысанның жұмысымен және әкімшілік әрі қызметтік ғимараттарда жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстым.
Қазіргі уақытта «Достық» каналында 62 маман еңбек етеді. Мамандардың жалақысы орта есеппен 55%-ға көтеріліп, ең төменгі жалақы 94 мың теңгеден 226 мың теңгеге дейін өсті.
Нысанды аралағаннан кейін диқандармен тағы бір кездесу өткіздім. Кездесу барысында шаруа қожалықтарының өкілдері суару кезеңі аяқталғаннан кейін «Достық» каналын механикалық әдіспен тазалау туралы ұсыныс білдірді.
Су саласы мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында биыл еліміздің оңтүстігіндегі барлық бес облыста суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ете алғанымызды айта кетейін. Суды пайдалану лимиттерін сақтау, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту сияқты шаралар су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Биллинг жүйесін енгізу және келісімшарт жасау процесін цифрландыру суды бөлуді барынша ашық етіп, бүкіл су шаруашылығы саласында тәртіп орнатуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да жұмысымызды осы бағытта жалғастырамыз.
- 14.09.2026
- 8


